Алатауда аэротакси қашан қолданысқа беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл техникалар толық әрі жан-жақты тексерістен өткізіледі. Бұл жөнінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Мемлекет басшысының Alatau City жобасына қатысты тапсырмаларын іске асыру жөніндегі баспасөз конференциясында мәлімдеді.
— Көлік министрлігі тестілеуге арналған уақытша нормалар дайындады. Аэротаксидің ұшуына тестілеу мақсатында уақытша рұқсат беріліп отыр. Қазір ұшатын бағыттар, желдің әсері нақтыланып жатыр. Жыл бойы техникалар ұшады, оларды сынақтан өткіземіз. Өйткені, маршруттар өте көп. Алатаудан Алматы әуежайы мен вокзалына, Қонаевқа, Қапшағай су қоймасына бағыттар қарастырылып жатыр. Бұл маршруттар тау кластерімен байланысты. Сондықтан жылдың 4 маусымында қандай биіктікте ұшу керек екені нақты анықталуы тиіс. Аэромагнитті аймақтар мен жоғарывольтты сызықтар да ескеріледі. Өйткені, мұның бәрі азаматтардың қауіпсіздік мәселесіне келіп тіреледі. Сондықтан биыл толықтай тексерістен өткізсек, келесі жылы қолданысқа берілуі мүмкін, — деді ол.
Сондай-ақ, вице-премьер бұл сектордағы үздік компаниялар Қытай мен АҚШ-та екенін атап өтті. Қазір бұл елдерден мамандар тартылып, бірлескен жұмыстар жүріп жатыр.
Бұл жобаны жүзеге асыруға қаржы мемлекеттен емес, отандық компаниялар мен инвесторлардан бөлінеді. Сонымен қатар, аэротаксилер жолаушыларды ғана емес, жүкті де тасымалдайды.
Айта кетейік, бұған дейін Алатау қаласында аэротакси ұша бастағанын жазғанбыз.