«Алатаудың ажары қашан кіреді?» - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 11 ақпан, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» басылымының жазуынша, қазіргі таңда елімізде 149 әртүрлі деңгейдегі жоғары оқу орындары бар екені статистика бойынша белгілі. Ал енді олардың 94-і жеке меншіктің үлесінде. Егер шындыққа тіке қарап, нақты деректерді келтіретін болсақ, онда еліміздегі көптеген жеке меншіктік жоғары оқу орындарының деңгейі сын көтермейді. Онда берілетін кәсіби білім заман талабына сай емес десе де болады. Қолына диплом ұстаған жас маман көп жағдайда білікті маман болуға дайын болмай шығады. Бұл ойланатын мәселе. ЖОО санын көбейту өкінішке орай, әлі де жалғасуда. Сондықтан осы салада қоғамымызды рухани және интеллектуалдық биіктерге көтеретін біршама сапалы өзгерістер керек. Бұл мәселе жөнінде егжей-тегжейлі білгіңіз келсе «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Ұлттық зиякерлік - ортақ іс» деен мақалаға назар салыңыз.
Сондай-ақ осы басылымның жазуынша, дағдарыстың әлегі Еуроаймаққа кіретін 17 елді де есінен тандырды. Мәселен, өткен жылы жұмыссыздық деңгейі күрт өсіп, 10,3 пайызды құрапты. Іргедегі көршіміз Ресейдің де жұмыспен қамту жағдайы соншалық жақсы емес. АҚШ-тың да арпалысқаны осы жұмыссыздық мәселесі болып отыр.Негізінде жұмыссыздықты толықтай жою мүмкін емес екені рас. Себебі, заман өзгерген сайын жұмысқа деген сұраныстың да өзгеріп тұратыны белгілі. Сондай-ақ, елдің экономикалық жағдайына сыртқы факторлардың да әсері мол. Соңғы кезде кезектесіп келіп жатқан дағдарыстардың дауылы алдымен жұртты жұмысынан айырып жатыр. Алайда, елімізде нәтижелі жүзеге асып жатқан жұмыспен қамту бағдарламасының арқасында бұл мәселені біз біраз ауыздықтадық. Ал бағдарлама қорытындысында 2020 жылға қарай еліміздегі 1,5 миллион адамды жұмыспен қамту қажет деп көзделіп отыр. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санындағы «Мол мүмкіндікке зор ынта да керек» атты мақалада.
***
«Айқын» басылымының жазуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, 100 мың тұрғынға 20 суицидтен асып кетсе, дабыл қағыла бастайды. Ал ресми деректер бойынша Қазақстанда 1990-жылдардың бас кезінен бері өзіне-өзі қол жұмсау деңгейі 20-дан төмендемеген. Өткен жылы Жарасбай Сүлейменов Парламентте осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдап, Қазақстанның суицид көрсеткіші жөнінен әлемде үшінші орын алатындығын айтқан. Ол жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсау артып отырғанын хабарлап, ресми деректер мен қоғамдық ұйымдар ақпараттары арасындағы алшақтыққа да назар аудартқан.
«Суицид - барша елдерге және барлық уақытқа тән», - деп есептейді Еуразия Инновациялық университетінің «педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Россинский. Бірақ профессор оның елімізде таралу деңгейі айтарлықтай жоғары екендігін мойындайды. «Қазақстан - адамдардың өз-өзіне қол жұмсау жағынан ТМД және әлем елдері арасында алдыңғы орында», - дейді ғалым. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Суицидті жою - маңызды міндет» атты мақаладан оқыңыз.
Аталмыш басылым бетінде «Алатаудың ажары қашан кіреді?» атты мақала шықты. Онда Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдастыруымен Іле Алатау қорығының табиғи кешендерін қалпына келтіру мәселелері бойынша кеңес өтіп, онда өткен жылы «Медеу» шатқалында болған табиғат апатынан орман алқаптарын қалпына келтіру және эрозияға қарсы іс-шаралар жобасы талқыланғандығы айтылады. Сол кезде «Медеу» шатқалында дауылдан құлаған ағаш көлемі жалпы алғанда 480 гектар жерде 96 мың текшеметр болды.Биылғы 9 ақпандағы жағдай бойынша 45 га алқапта желден құлаған 16 мың текшеметр ағаш жиналды. Тазарту жұмыстарына 198 адам және ағаш дайындау техникасының 61 бірлігі жұмылдырылған. Сонымен бірге Іле Алатауындағы орманды қалпына келтірудің жұмыс жобасын әзірлеу жөнінде «Казгипролесхоз» РМК-мен шарт жасалды. Мекеме қазіргі кезде жұмыс жобасын әзірлеуді аяқтап келеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санынан білесіздер.
***
«Казахстанская правда» Оңтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының жауапты қызметкерлері мен мекемелерінің жетекшілері аймақтағы ана мен бала өлімімен байланысты жағдайға қатысты қызметтерінен босатылып тәртіптік жауапқа тартылды. Сондай-ақ сот шешімі негізінде облыстағы үш денсаулық сақтау ұйымының лицензияларын қайтарып алу мәселелері қаралуда. Себебі Оңтүстік Қазақстан облысында ана мен бала өліміне байланысты көрсеткіштер жақсарғанымен бұл облыс әлі проблемалық аймақтардың бірі болып отыр. Бұл туралы «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санындағы «Берегите женщин» атты мақаладан оқыңыздар.