14:28, 26 Ақпан 2009 | GMT +5
«Алатаудың киелі биігі» деректі фильмінің тұсаукесері болды
АЛМАТЫ. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Бүгін Алматыда режиссер Константин Харалампидистің «Алатаудың киелі биігі» деген деректі фильмін таныстыруға арналған баспасөз мәслихаты өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алатаудың киелі биігі» фильмін түсіруге қатысқан авторлардың айтуынша, қиын-қыстау замандарда отандарынан ықтиярсыз Қазақстанға айдалған адамдар үшін қазақ халқының бауырмалдылығы, олардың жәрдемдері үлкен қуат берді. Фильмнің идеясы да өзге діндегі, өзге ұлттағы адамдар арасындағы бейбітшілік пен келісімді паш етуді көздейді.«Мен Ресейде актер, әрі режиссер болып қызмет атқардым. Көп жылдар бізде бала болмады. Кейіннен Қазақстанға көшіп келген соң, отбасы құрғанымызға он екі жыл өткеннен кейін сәбилі болдым. Бұл осы жердің тегін емес екендігін, киелілігін көрсетіп отыр. Бұл жайт маған шабыт әкелді. Фильмді түсіруге де осы оқиғалар себеп болды», дейді режиссер К. Харалампидис.
Фильмге ресейлік белгілі актерлер Александр Носик пен Ирина Гринева қатысқан.