Алаяқ Астана тұрғынын «вице-министр көмекшісімін» деп алдап, 65 млн теңге пара бергізген
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің коммерциялық директоры алаяқтық және пара беруге итермелегені үшін сотталды.

1 тамызда Астана қаласының қылмыстық мамандандырылған ауданаралық соты ЖШС директоры К-ға аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және аса ірі мөлшерде пара беруге итермелегені үшін үкім шығарды.
К. 2021 жылдың сәуірінде М-ны шенеуніктерге пара беруге итермелеу және алдау, сенімге қиянат жасау арқылы оның ақшасын қолға түсіру мақсатында «қаржы вице-министрінің көмекшісімін» деп алдап, «А» және «АС» ЖШС үшін төленген салықтың көрсеткішін ұлғайту мәселесін шешу үшін Қаржы министрлігінің лауазымды тұлғаларына 65 млн теңге сомасында ақша беру қажеттігін айтып сендірген.
Осылайша, К. пайдакүнемдік ниетпен әрекет ете отырып, 65 млн теңге сомасында ақшалай қаражатты ойдан шығарылған міндеттемелерді орындамай иемденіп әкеткен.
Бұл ретте М-ға ақшалай қаражатты Қаржы министрлігінің лауазымды тұлғаларына бергенін хабарлаған.
Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің нәтижелерімен, сараптамалардың қорытындыларымен, сондай-ақ қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденді.
Сотта прокурор айыпталушыны 11 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Сотталушы К. кінәсін мойындамады, сотталушының өзі және оның қорғаушылары соттан оны кінәсіз деп тануды және ақтауды сұрады.
ҚК 190-бабының 4-бөлігі бойынша мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
ҚК-нің 367-бабының 4-бөлігінің санкциясы — мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 50-60 еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.
Іс бойынша сотталушының жауапкершілігі мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жай белгіленбеген.
Бүкіл мән-жайды ескере отырып, сот үкімімен К. ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы, 28-бабының 4-бөлігі, 367-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, қылмыс жиынтығы бойынша мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.