Алаяқтар енді медицина мекемелерінің атын жамылып әрекет ете бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды скринингтік тексеруге шақыруға қатысты алаяқтық әрекеттер туралы ескертті.

- Алаяқтар медициналық ұйымдардың атынан қоңырау шалып, скринингке жазылуды растауды сұрап, SMS арқылы келген кодты айтуыңызды талап етеді. Мемлекеттік медициналық мекемелер ешқашан скринингке жазылуды SMS арқылы келген кодпен растауды талап етпейді. Мұндай код, әдетте, цифрлық сервистерге кіру немесе белгілі бір операцияларды растау үшін қолданылады және оларды үшінші тұлғаға ешқандай жағдайда беруге болмайды, - деп ескертеді ведомство.
Осы орайда министрлік алаяқтар код арқылы жеке мәліметтерге, цифрлық құжаттарға, соның ішінде eGov, Kaspi, банк қосымшалары және басқа да сервистерге қол жеткізуі мүмкін екенін айтып отыр.
- Азаматтарды қырағы болуға шақырамыз. SMS арқылы келген кодты ешкімге, оның ішінде өзін медицина қызметкері ретінде таныстырған адамға да айтпаңыз. Ақпаратты ресми дереккөздерден, яғни емханада, eGov порталында немесе медициналық ақпараттық жүйелер арқылы анықтаңыз. Алаяқтыққа күмәндансаңыз, құқық қорғау органдарына жүгініңіз, - делінген хабарламада.
Ай басында белгілі болғандай, елімізде шұғыл түрде кибер алаяқтықпен күресті күшейтетін заң жобасын әзірлеу қолға алынады.
Айта кетсек, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов онлайн алаяқтықтан келген шығынды банктер өзі өтеуі тиістігін айтып, депутаттық сауал жолдады.