Алаяқтар қолды қылған қаражатты заң бойынша қалай қайтаруға болады
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Нұра ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Шахрирамадан Сұлтан интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтардың құқықтарын қорғау және келтірілген шығынды өтеу мәселелері туралы айтты.
Оның айтуынша, прокуратура алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға келтірілген материалдық залалды өндіру мәселесіне ерекше көңіл бөледі. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес, заңды негізсіз ақша немесе мүлік алған адам оны иесіне қайтаруға міндетті. Бұл талап алаяқтарға ұрланған қаражатты қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін өз банк карталарын пайдалануға берген дропперлерге де қатысты.
– Егер адам заңды негізсіз ақша қаражатын немесе мүлікті иеленсе, яғни бұл мүлік оған сыйға берілмесе, сатылмаса, оны өзі сатып алмаса немесе оны адал еңбегімен таппаса, ол сол қаражатты немесе мүлікті заңды иесіне қайтаруға міндетті. Бұл талап дропперлерге, яғни ұрланған ақшаны қабылдау және қолма-қол ақшаға айналдыру үшін өздерінің банк карталарын алаяқтарға пайдалануға беретін адамдарға тікелей қатысты. Мұндай адамды алаяқтыққа сыбайлас ретінде қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін болмаса да, жәбірленушінің азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен оның банктік шоты арқылы өткен қаражат көлемінде келтірілген материалдық залалды өндіріп алуға құқығы бар, – деді Шахрирамадан Сұлтан.
Спикердің мәліметінше, тәжірибеде интернет-ресурстарды, әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтықтың түрлі тәсілдері кездеседі. Соның бірі Мекке мен Мәдинаға қажылық сапарын ұйымдастыруды сылтау еткен алаяқтық.
Оның айтуынша, күдікті азаматтардан сапарды рәсімдеуге, әуе билеттерін сатып алуға және қонақүйге орналастыруға уәде беріп ақша жинаған. Алайда қаражатты алғаннан кейін уәдесін орындамаған. Сот үкімімен оған 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Прокуратура өкілі азаматтарды банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын бөгде адамдарға бермеуге және оңай әрі тез табыс табу туралы ұсыныстарға сын көзбен қарауға шақырды.
– Қазақстан Республикасының заңнамасында, оның ішінде ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалған алаяқтық үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес, ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда кінәлі адам 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленуі мүмкін. Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін, ал жекелеген жағдайларда өмір бойына айырылуы ықтимал, – деп толықтырды Шахрирамадан Сұлтан.
Айта кетейік, Қазақстанда интернет-алаяқтықтан келген шығын 4,8 млрд теңгеге жетті.