11:10, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Алаяқтар мемлекетке 270 млн. теңгенің шығынын келтірген
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Алматы облысының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бір ЖШС директорына қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабы, 3 бөлімі, «б» пункті – «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ол басқа бір ЖШС басшылығын алдап-арбау жолымен ақша алып кеткен. Мемлекетке келген шығын 26 956 000 теңгені құрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. «Цесна Банк» АҚ несие комитетінің төрағасына қатысты ҚР ҚК 220-бабы, 1 бөлімі ? «Банктің қаржысын заңсыз пайдалану» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол бірқатар тұлғалардың өтініштерін қарап және олармен алдын-ала келісімге келе отырып, 270 000 000 теңге мөлшеріндегі ақшаны қайтарымсыз несие ретінде пайдаланған.Алматы облысының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Алматы облысындағы әділет мекемесінің жауапты қызметкеріне қатысты ҚР ҚК 311-бабы, 2 бөлімі ? «Пара алу» бойынша қылмыстық іс қозғады. Ол сотталған адамдардың еңбегін пайдаланғаны үшін бір азаматтан 700 АҚШ доллары мөлшерінде пара алып жатқан жерінен қолға түсті.Алматы облысының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті РМК басшылығы мен ЖШС директорына қатысты ҚР ҚК 176-бабы, 3 бөлімі, «б, г» пункттері бойынша қылмыстық іс қозғады. Аталған тұлғалар алдын-ала келісім бойынша жалпы сомасы 160 106 763 теңгені құрайтын формалық киімдерді мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттарға қол қойған. Жасалған келісімнен кейін және ЖШС есепшотына аталған қаржы түскен соң олар өз міндеттерін орындамаған, ал 84 328 313 теңге мөлшеріндегі қаржы қолды болған.