Алаяқтық бабы бойынша іздеуде болған NEF Qazaqstan басшысы ұсталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі іздеуде болған NEF Qazaqstan басшысы Тарык Волкан Оскайдың ұсталғанын растады.

Биыл сәуір айында Алматы қаласы Бостандық ауданының полиция басқармасы Түркиялық Nef құрылыс холдингінің қазақстандық өкілдігі — NEF Qazaqstan-ның 52 жастағы басшысына қатысты алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.
Тарык Волканға қатысты жолдаған сауалымызға жауап берген Ішкі істер министрлігі оның ұсталғанын растады.
— Алматы қаласы полиция департаменті бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу аясында істің барлық мән-жайын толық, жан-жақты және объективті анықтау үшін шаралар қабылданып жатыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (ҚПК) 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді, — делінген ІІМ жауабында.
Сондай-ақ ІІМ күдіктіні елге экстрадициялау мәселесі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының құзыретінде екенін атап өтті.
Еске салайық, 2022 жылы Astana International Exchange (AIX) алаңы NEF Qazaqstan компаниясының 6 млрд теңге көлемінде алғашқы облигацияларын орналастырғанын мәлімдеген болатын. Алайда, 2023 жылы компания AIX платформасында алғаш рет дефолтқа жол берді — ол 4 млрд теңгеден асатын негізгі қарызды, сондай-ақ 402 млн теңге көлеміндегі купондық төлемді өтеу бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаған.
Бұған дейін Бас прокуратура Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Арданды экстрадициялау процесіне қатысты ресми жауап берді.