Алаяқтық жасаған салық қызметкері жазасын алды - БҚО

Департаменттің баспасөз қызметінен Ақлима Бүркітбаеваның хабарлағанындай, қылмыс былайша өрбіген. 2007-2009 жылдары аралығында жер телімін жалға алғаны үшін салықтық есеп тапсыру мәселесі бойынша «Абишев-Актобе» ЖШС өкілі Б. 2009 жылғы желтоқсанда С.Қарабалинге жолығады. Салық басқармасының жетекші маманы өзгенің мүлкін талан-таражға салу мақсатымен, алдау және сенімге қиянат жасауды көздеп, заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту өкілеттігі болмаса да, Б-ға салықтық есепті уақтылы тапсырмағаны үшін ірі мөлшерде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын, егер оған 150 мың теңге сомасындағы ақша қаражатын берген жағдайда, ЖШС-ні әкімшілік жауапкершіліктен босата алатынын жеткізген. Бұған сеніп қалған ЖШС өкілі желтоқсан айының соңында салық басқармасының маманына көрсетілген соманы әкеліп берген. С.Қарабалин ақшаны алғаннан кейін, қылмыс жасаған орнынан бой тасалаған.
Аталған факті бойынша БҚО бойынша ЭСЖҚД қызметкерлері С.Қарабалинге қатысты ҚР ҚК 177-бабы 2-бөлімі «в» тармағы бойынша (алаяқтық) қылмыстық іс қозғап, айыптау қорытындысымен сотқа жіберген болатын.
Орал қалалық соты С.Қарабалинді кінәлі деп танып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге үкім етті.