Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алаяқтықпен 9 миллион теңгені жымқырған күдікті қолға түсті

КӨКШЕТАУ. Тамыздың 11-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ -Көкшетау қаласында жалған құжаттармен жер телімдерін үлестіріп, шашетектен байлыққа кенелген У. есімді күдікті құрықталып, уақытша оқшаулау қапасына  отырғызылды,

Алаяқтықпен 9 миллион теңгені жымқырған күдікті қолға түсті

  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзін «қалалық әкімдіктің өкілімін»  деп таныстырып келген алаяқ Красный яр жолы бойынан А.есімді қала тұрғынына жер телімін алып беруге уәде беріп, 300 мың теңгесін қалтасына салса, екінші бірде «Жер қатынастары» мемлекеттік мекемесінің қызметкері, үшіншіде жер телімдерін құжаттандыратын риэлтер ретінде көрсететін қызметіне 40 мың теңгеден бастап, бір жарым миллион теңгеге дейін «сыйақы» алып, артынша ізім-ғайым жоғалып отырған. Тіпті өзінің қызметін ұсынып жергілікті басылымдарға хабарландыру жариялаған. Бұған шынында да қалай сенбессің? Бір таң қаларлығы,  алаяқтың қызметін пайдаланушылар құрғақ уәдені малданып жүре берген.  Әзірге белгілісі, осы уақыт ішінде ол бөгденің 9 миллион теңгесін малданып кеткен. Қазір күдікті қолға түсіп, оның үстінен ҚР ҚК-сі 177-ші бабы 2-ші «б» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жалғастырылуда.