21:43, 06 Ақпан 2011 | GMT +5
Албания оппозициясы наразылық шерулерін өткізді
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Социалистік партия бастаған Албания оппозициясы ел астанасы Тирана және Корче, Леже мен Валлоне қалаларында наразылық шерулерін өткізді. Ереуілшілер үкімет пен парламентты таратып, елде сайлау өткізуді талап еткен, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.
Албанияның құқық қорғау орындарының мәлімдеуінше, 9 мыңнан аса адам қатысқан шеру бейбіт түрде өтті. Албания социалистік партиясының жетекшісі Эдди Раманың айтуынша, оппозицияның бойкөтеруі премьер-министр Сали Берише қызметін босатпайынша, жалғасады. Еске сала кетсек, 21 қаңтарда Тиранада болған наразылық шарасы адам өліміне әкелген еді. Сол кезде халық үкімет үйіне баса көктеп кірмек болған кезде, оларға оқ атылып, үш адам қаза тапты. Мұның алдында құқық қорғау органдары көзден жас шығаратын газ бен су атқыштарды қолданған.