Алдағы 4 жылда елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылады

БУРАБАЙ. KAZINFORM – Қазақстанға ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет. Ұлттық құрылтайдың V отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ой айтты.

инвестиция
Коллаж: Canva

- Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып отырады. Осы арқылы біз мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуетін нығайта түсеміз, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, мемлекетімізге ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет.

- Ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық мүмкіндігін арттырады. Мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді. Жалпы айтқанда, ірі жобаларды жүзеге асыру – еліміздің осы аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыратын бірден-бір жол, - деді Мемлекет басшысы.

Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды. 

Соңғы жаңалықтар