Алдағы күндері аптап ыстық болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазгидромет 7-9 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады.

Алдағы күндері аптап ыстық болады
Фото: Kazinform

Атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты еліміздің басым бөлігінде ауа райы құбылмалы болады.

Осы кезеңде республиканың батысында, шығысында, оңтүстік-шығысында, 7–8 шілдеде солтүстігінде және орталығында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. 7 шілдеде орталықта және шығыста, 8 шілдеде батыста және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында, 9 шілдеде батыста қатты жаңбыр жауып, екпінді жел соғады, бұршақ жаууы мүмкін.

Батыс, оңтүстік және шығыс өңірлерде желдің күшеюі күтіледі.

Ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды: еліміздің солтүстік-батысында және орталығында ауа температурасы 35–39°С-қа дейін көтеріліп, жекелеген аудандарда 41°С-қа дейін жететін өте қатты ыстық күтіледі. Солтүстік өңірлерде 35–38°С-қа дейінгі қатты ыстық болжанады. Елдің қалған аумағында температуралық фонда айтарлықтай өзгерістер күтілмейді.