Алдағы күндері еліміздің басым бөлігінде жаңбыр мен найзағай күтіледі
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМҚ 9-11 маусымға арналған ауа райы болжамын жариялады.
Баяу жылжитын батыс циклоны Қазақстан аумағының басым бөлігіне ықпалын сақтайды. Соған байланысты ауа райының құбылмалы сипаты сақталады: жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, екпінді және дауылды жел күшейеді, кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Синоптиктердің болжамынша, қатты жаңбыр 9-11 маусым күндері республиканың солтүстік-батысында және солтүстігінде сондай-ақ 11 маусымда оңтүстік-шығысында күтіледі.
Кезеңнің басында шығыс өңірлерде, ал кезеңнің ортасынан бастап оңтүстік-батыс өңірлерде жауын-шашынсыз ауа райы басым болады.
Күндізгі ауа температурасы:
- еліміздің батысында +27…+35°С дейін жоғарылайды;
- солтүстігінде +17…+28°С дейін төмендейді;
- солтүстік-шығысында және орталығында аптап ыстықтың аздап бәсеңдеуі байқалып, +25…+33°С болады;
- оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында +27…+35°С шамасында сақталады;
- шығысында +32…+39°С дейін жететін ыстық ауа райы сақталады.
Ал бүгін Қазақстанның 17 облысы мен Астана қаласында күн райына қатысты ескерту жарияланған болатын.