Алдағы мерекелер қарсаңында базарларда баға бақылауы күшейтіледі – Сауда министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Министр алдағы мерекелерде базар басшыларын бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұруға, жеңілдіктер мен акциялар ұйымдастыруға шақырды. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

крупы, базар, чай, орехи, курага, изюм
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев еліміздегі ірі базар иелерімен кездесу өткізді. Жиынға шамамен 100 базардың басшысы, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктерінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың жауапты өкілдері қатысты.

Министр базарларды жаңғырту жұмыстарының бизнес пен тұрғындар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Инфрақұрылымды жаңарту санитариялық және өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын жақсартып қана қоймай, сатушылар мен сатып алушыларға қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Базарларды жаңғырту шаралары орталық және жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асырылып жатыр. Сауда және интеграция министрлігі сауда саласын дамыту және базарлардың заманауи форматтарын енгізу мақсатында қосымша қолдау тетіктерін ұсынып отыр.

Арман Шаққалиевтің айтуынша, азық-түлік бағасының тұрақтылығы министрлік қызметіндегі басым бағыттардың бірі.

Министр базардағы баға аймақтардағы жалпы бағаның ахуалына тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті. Сондықтан алыпсатарлыққа жол беруге болмайды. Тауарды арзан бағада алып, негізсіз жоғары бағамен сату азаматтардың қалтасына салмақ түсіріп, әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсер етеді.

— Министр алдағы мерекелерде базар басшыларын бағаны тұрақты деңгейде ұстап тұруға, жеңілдіктер мен акциялар ұйымдастыруға шақырды. Ол осыған дейін ұйымдастырылған «Береке Fest» акциясын мысалға келтіріп, оның барысында азық-түлік пен өзге де тауарлардың арзан бағамен сатылғанын еске салды. Жыл соңына жоспарланған акцияның жаңа кезеңіне базар әкімшілігінің белсенді қатысуы бағаның өсуіне жол бермей, халықтың шығындарын азайтуға ықпал ететіні айтылды, — делінген хабарламада.

Сауда және интеграция министрлігі базар басшыларын әкімдіктермен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге, баға қалыптастыру процесінде ашықтықты қамтамасыз етуге және әлеуметтік жауапкершілік танытуға шақырды. 

Айта кетелік Алматыда тауықтың сан етіне бекітілген баға қойылған еді

Соңғы жаңалықтар