Алдағы он жыл Орталық Азия болашағын айқындайтын кезең болады – Қасым-Жомарт Тоқаев
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық Азия аумағы қысқа мерзім ішінде сауда, инвестициялық және көлік-коммуникациялық әлеуеті жылдам артып келе жатқан өзара тиімді ынтымақтастық кеңістігіне айналды. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» тақырыбымен жарияланған мақаласында айтылған.
«Алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең болатыны айдан анық. Осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты. Жаһандық геосаяси ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған қазіргі кезде біз өңірде өзара сенімге және ортақ әрі біртұтас қауіпсіздікке негізделген кеңістік құрдық, өңірлік ықпалдастыққа бөгет кедергілерді жойдық, көп қырлы ынтымақтастығымызды жоғары сапалы деңгейге шығаратын тұғыр қалыптастырдық. Қазақстан бүгінде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен одақтастық қатынас орнатып, Түрікменстанмен стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді. Халықтарымыздың өзара жақын болуға ұмтылысы барлық деңгейдегі байланыстың күшеюінен де көрінеді. Мемлекет басшыларының бір-біріне жиі сапарлап, тұрақты кездесуі парламентаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық байланыстарды тереңдетуге тың серпін берді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының жазуынша, белсенді саяси диалог пен ізгі ниет бесжақты ықпалдастықты дамыту ісінде маңызды ұйыстырушы факторға айналды. Өңірдегі мемлекеттер бір-бірінің тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу, келіспеушіліктер туындай қалса оны бейбіт жолмен шешу сияқты іргелі қағидаттарға негізделген ынтымақтастықтың Орталық Азияға ғана тән бірегей үлгісін қалыптастырды.
«Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада, Ташкентте, Түрікменбашыда, Шолпан-Атада, Душанбеде бес консультативтік кездесуі болды. Соның нәтижесінде өңірлік ықпалдастық барынша тереңдеп, кеңейе түсті. Тіпті бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріліп, интеграциялық үдерістер дәйекті, жүйелі және ең бастысы, үздіксіз сипатқа ие болды десем, артық айтқандық емес. 2018 жылы Астанада өткен алғашқы кездесуде өңірдегі бес елдің ықпалдастығына қатысты негізгі бағыттар айқындалды. Соның арқасында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы байланыстар жандана түсті. 2019 жылы Ташкенттегі екінші кездесуде Орталық Азия көшбасшылары өңірлік ықпалдастықты нығайта түсетін болашағы зор бірқатар бастама көтерді. Атап айтқанда, Қазақстан ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою, сондай-ақ өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесуін өткізу қажеттігі туралы ұсыныс білдірді. Саммиттерді өткізу регламентінің қабылдануы басқосудың маңызды нәтижесі болғаны даусыз. 2021 жылы Түрікменбашы қаласындағы үшінші саммит өте мазмұнды өтті. Мемлекет басшылары Парламентаралық форум мен Жастар форумын шақыру, Іскерлік кеңес құру туралы бастама көтерді. Консультативтік кездесулер символикасының бекітілуі де – айтулы қадам», - деп жазды Президент.
2022 жылы Шолпан-Атада өткен төртінші кездесудің басты саяси қорытындысы ретінде ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бесжақты шартқа қол қою рәсімінің басталуын, сондай-ақ Орталық Азияның «Жасыл күн тәртібі» бағдарламасының және көпжақты форматтар аясындағы ықпалдастық тұжырымдамасының бекітілуін айтуға болады. 2023 жылы Душанбедегі мерейтойлық бесінші кездесуде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің форматын институттандыру жолында алғашқы қадам жасалды. Елдердің көшбасшылары Ұлттық үйлестірушілер кеңесін (Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері істері бойынша) құру туралы шешім қабылдады.
«Астанадағы алтыншы консультативтік кездесуде көлік саласындағы ведомство басшыларының басқосуы одан әрі жалғасады, энергетика министрлерінің алғашқы кездесуі болады. Сондай-ақ өңірдегі мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдарына және ақпарат мәселелеріне жауапты министрлері мен өзге де лауазымды тұлғаларының кеңесі өтеді. Жалпы алғанда, жоғары деңгейдегі жүйелі кездесулер барлық бағыт бойынша бірлескен жұмысқа елеулі серпін берді. Өңірлік ынтымақтастықты дамытуға арналған жол карталарының қабылдануы бұған зор септігін тигізіп отыр. Оларға ықпалдастықты нығайту жөніндегі нақты іс-шаралар енгізілген. Соның нәтижесінде, аймақта сауда-экономикалық және іскерлік байланыстар айтарлықтай жанданды. Орталық Азия аумағы тарих тұрғысынан қарағанда тым қысқа мерзім ішінде сауда, инвестициялық және көлік-коммуникациялық әлеуеті жылдам артып келе жатқан өзара тиімді ынтымақтастық кеңістігіне айналды», - делінген Президент мақаласында.