Алдағы үш жылда елде автокөлік бөлшектерін шығаратын нысандар ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы жылдары автокөлік бөлшектерін шығаратын кәсіпорындар ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлім етті.
- Былтыр автомобиль өндірісі рекордтық өсім көрсетіп, машина жасау секторының 41,7 пайызын құрады. Барлығы 171 мыңнан астам көлік түрлері шығарылды. Оның ішінде 159 мыңы жеңіл автомобиль. Алматы қаласында «Chery», «Haval», «Changan» брендтерін шығаратын мультибрендтік зауыт пен Қостанай қаласында «Kia Qazaqstan» зауыты сияқты екі жаңа жоғары технологиялық өндіріс іске қосылды. Осындай зауыттардың іске қосылуы автокомпоненттер өндірісін локализациялауға серпін беріп отыр. Мысалы, былтыр Алматы индустриялық аймағында автокомпоненттер технопаркі іске қосылды. Онда автокөліктерге арналған мультимедиа жүйелері мен орындықтар өндіріледі, - деді Е. Нағаспаев.
Оның айтуынша, Саран қаласында «Tengri Tyres» зауытында автомобиль шиналары шығарылып жатыр. Қостанайдағы «KamLitKZ» зауытында шойын құятын заманауи технологиялар мен автоматтандырылған жүйелерді пайдаланатын шойын құю өндірісі іске қосылды.
Сонымен қатар, «Allur» компаниясы автокомпоненттер өндірісін локализациялау орталығының құрылысына кірісті. Одан бөлек алдағы үш жылда жылыту және кондиционерлеу жүйелері, тежегіш, салон мен еденге арналған пластикалық бөлшектер сияқты автокомпоненттерді локализациялау бойынша жаңа жобаларды іске қосу жоспарланған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Өнеркәсіп министрі Qarmet-тегі өзгерістерге түсінік берді.