Алдағы вегетация маусымында еліміздің оңтүстік өңірлерінде су жетіспеуі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы вегетация маусымында еліміздің оңтүстік өңірлерінде су жетіспеуі мүмкін. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов айтты.
— Қазіргі уақытта оңтүстік өңірдің су қоймалары жинақтау режимінде жұмыс істеп жатыр. Сонымен бірге, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында алдағы вегетация кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті. Шаруалар мен жергілікті атқарушы органдарға келесі жылға болжанып отырған су көлемі және су ресурстарының азаюы әсерін жеңілдету шаралары туралы түсіндірілді, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде.
Осы ретте комитет басшысы Қазақстанның және Орталық Азия елдеріндегі мамандардың болжамдары бойынша алдағы вегетация маусымында су ресурстарының көлемі кейінгі жылдармен салыстырғанда азаюы мүмкін.
— Осыған байланысты Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде су жетіспеушілігі тәуекелі бар. Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бағытында арнайы жұмыс тобы құрылады. Су ресурстары және ирригация министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы орган мамандары алдағы маусымда болжамды су көлеміне қарай ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқаптарын айқындау бойынша жұмыстар көзделген, - деді Сейілбек Нұрымбетов.
Бұған дейін 2026 жылы 109 шақырым өзен арнасы күшейтілетінін жазған едік.