Алдағы жылдары Арктикадағы жылыну жаһандық орташа көрсеткіштен үш есе артық болады
АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы бес жыл ішінде әлем жаңа рекордтық температураларға тап болады деп болжанып отыр, ал Арктикадағы жылыну жаһандық орташа көрсеткіштен үш есе артық болмақ.

AZƏRTAC агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы БҰҰ-ның Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының (ДМҰ) сәрсенбі күні жариялаған есебінде айтылған.
Есепке сәйкес, алдағы бес жылда кем дегенде бір жылы рекордтық ыстық болады деген 80 пайыз ықтималдық бар. Сонымен қатар, жаһандық орташа жылыну деңгейі өнеркәсіпке дейінгі кезеңмен салыстырғанда 1,5 градус Цельсийден асып кетуі мүмкін.
Өткен жыл тарихтағы ең ыстық жыл болды. 2015 жылғы Климат жөніндегі Париж келісімінің алғаш рет бұзылуы тіркелді. Бұл келісім жаһандық жылынуды 1,5 градустан асырмауға міндеттейді.
ДМҰ болжамынша, осы жылдан бастап 2029 жылдың соңына дейін әлем бойынша орташа температура 1850–1900 жылдардағы өнеркәсіпке дейінгі деңгейден 1,2–1,9 °C жоғары болады. Бұл ауа райының аса қауіпті және төтенше құбылысына әкеледі.
— Жылынудың әрбір қосымша үлесі қауіпті ыстыққа, нөсерге, қатты қуаңшылыққа, мұздықтар мен теңіз мұздарының еруіне, мұхиттың қызып, теңіз деңгейінің көтерілуіне әкеледі, — делінген мәлімдемеде.
Арктикадағы орташа деңгейден жоғары болжанған жылыну мұндағы және Тынық мұхитының солтүстік-батысындағы мұздардың еруін тездетеді.
Есепте алдағы бес қыс мезгілінде Арктикадағы температура соңғы 30 жылдық орташа кезеңмен салыстырғанда 2,4 градусқа жоғары болып, жаһандық орташа көрсеткіштен үш жарым еседен көп асып түсетіні болжанған.
Жаһандық орташа температура осы онжылдықтың соңына дейін рекордтық немесе оған жақын деңгейде болады.
2025–2029 жылдар аралығындағы мамыр мен қыркүйек айларында әлемнің кейбір өңірлерінде — Сахель, Солтүстік Еуропа, Аляска және Сібірде — жауын-шашын мөлшері орташа деңгейден жоғары болады деп болжанып отыр. Ал Амазония алқабында әдеттегіден құрғақ ауа райы болуы ықтимал.
Айта кетелік Қазақстанда орман-климаттық жағдайды жақсартуға бағытталған жоба іске қосылды.