Алдағы 3 жылда Ұлттық қордан бюджетке жыл сайын 1 трлн. 200 млрд. теңге аударылатын болады

АСТАНА. 13 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады.

Алдағы 3 жылда Ұлттық қордан бюджетке жыл сайын 1 трлн. 200 млрд. теңге аударылатын болады

Аталған заң жобасы Мемлекет басшысының былтырғы жылғы халыққа Жолдауындағы тапсырмаларына сәйкес әзірленген және құжат негізінен Ұлттық қордан алдағы 3 жылға арналған республикалық бюджетке берілетін трансферттердің мөлшерін бекітуді көздейді.

«Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану тұжырымдамасына сәйкес алдағы 3 жылда кепілдендірілген трансферттің жыл сайынғы мөлшері 1 трлн. 200 млрд. теңге шамасында айқындалып отыр. Бұл ретте 1 АҚШ долларының нарықтық бағамы 150 теңге шамасында ескерілді. Тұтастай алғанда заң жобасын қабылдау орта кезеңге арналған бюджеттіе инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, сондай-ақ бюджетте қарастырылған басқа да шығыстарды қаржыландыруды қамтамасыз ететін болады. Келеңсіз әлеуемттік және экономикалық салдарға әкеліп соқпайды»,-деді заң жобасы бойынша баяндаған Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов.

Естеріңізге сала кетейік, 2010 жылдың соңында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтері 5 трлн. 691 млрд. 246 млн. теңгені құраған болатын.