Алдағы екі жыл - Қысқы Азия ойындарына дайындық мерзімі

АСТАНА. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Алдағы екі жыл 2011 жылы  Астана  мен  Алматыда   өтетін Қысқы Азия ойындарына дайындық жылы болып табылады,

Алдағы екі жыл - Қысқы Азия ойындарына дайындық мерзімі

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұндай ауқымды шара ең жас қала Астанада ғана емес, ел аумағында тұңғыш рет өткізілмек. Міне, сол үшін ұйымдастырушылар басты-басты екі шараға назар аудармақ. Біріншісі - инфрақұрылым саласын жетілдіру болса, екіншісі - ұйымдастырушылық шараларды тиімді атқару болып табылады. Бастысы - спорттық бағыттағы нысандарды, атап айтқанда, жабық коньки стадионы, мұз айдыны және «Олимпиадалық резерв дайындау жөніндегі республикалық орталық», қонақүй кешенін салу, сондай-ақ «Қазақстан» Спорт сарайын  жөндеуден өткізу шараларын жүзеге асыру міндеті тұр.

Бүгінде осы бағыттағы іс-шаралар қолға алына бастады. Бұл жұмыстарды қаржымен қамту  2009 - 2010 жылы тәмамдалмақ.   

Дайындық шарасының ұйымдастыру жөніндегі екінші бөлігі бойынша жұмыстар жүргізіле бастады. Өйткені Азиада ойындарын өткізу қала тіршілігінің барлық саласын жан-жақты қамтымақ. Тұрмыстық деңгейдегі тірліктен бастап, елорданың да, елдің де абыройын асыру - еліміздің саяси келбетін түзумен пара-пар. Сонымен қатар, жарыс өткізілетін орындардың арнайы стандарттар мен нормаларға сай болуының мәні зор.