Алдағы сессияда салық кодексіне өзгерістер енгізілетіні күтіледі - Г. Қарағұсова
АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Алдағы сессияда салық кодексіне өзгерістер енгізілетін болады. Бүгін Астанадағы Ұлттық мұрағат ғимаратында сайлаушылармен кездескен Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлжан Қарағұсова осылай мәлім етті.
Жиын барысында Парламенттің алдағы сессиясында жоспарланған заң жобаларына тоқталған Гүлжан Қарағұсова, ең алдымен үшжылдық бюджет жобасы мен салыққа қатысты заң жобалары Мәжіліске келіп түсетінін құлағдар етті.
«Расында, дағдарыс уақытында салық саясатына өзгерістер аса қажет. Өйткені, бюджетке түсім керек. Сол үшін жұмысбастылардың барлығының салығы дұрыс түскені қажет. Екіншіден, еліміздің инвестициялық климаты да жақсара түсуі шарт. Өйткені, келесі жылдың 1 қаңтарынан Бірыңғай экономикалық кеңістік жұмыс істей бастайды. Сондай-ақ, келесі жылы Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі де мүмкін. Бұл өте жақсы қадам, дегенмен біз үшін бәсекелестіктің аса қиын болатынын да ұмытпауымыз керек», - деді Г. Қарағұсова.