18:52, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Алдағы уақытта облыс кәсіпорындарында 1000-ға жуық жұмысшы қысқаруы мүмкін ? Қ.Көшербаев
АҚТАУ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Бүгінде Маңғыстау облысындағы еңбек нарығындағы жалпы жағдай тұрақты. Жыл басынан бері жұмыстан қысқартылған азаматтардан арыз-шағым түскен жоқ және жұмысшыларды жаппай жұмыстан босату фактілері тіркелмеді.

Облыс кәсіпорындарында жүргізілген мониторинг көрсеткендей, 4 кәсіпорында: «ҚазАзот» зауыты, «Каспий машина жасау кешені», «Мұнайгазқұрылыс» пен «Бұрғылау» кәсіпорындарында жалпы саны 1000-ға жуық жұмысшы қысқаруы мүмкін. Бұл туралы кеше Үкімет басшысына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Олардың әрқайсысы бойынша жоспар-кестелер жасалып, кәсіподақтармен бірлесе қысқартуға ұшырайтын жұмысшыларды еңбекпен қамтуға бағытталған бірқатар шаралар қарастырылды. Мысалы, «ҚазАзот» зауытында өнім сатылуының төмендеуінен және Өзбекстанның транзиттік тасымалдау нормаларының кесірінен осы ел аумағы арқылы дайын өнімді теміржолмен Қазақстанның оңтүстігіне тасымалдау мүмкіндігінің шектеулі болуына байланысты қоймаларда тауар толып қалу мәселесі туындап отыр. Осы жағдайды шешу жөнінде екінші мәрте ұсыныс жасалды», деді облыс әкімі. Оның айтуынша, қазіргі жағдай Еуропа елдеріндегі газ мәселесіне байланысты уақытша жақсарды. Ол елдердің кәсіпорындары минералды тыңайтқыштар өндірісін кідіртіп тұр, бұл «ҚазАзотқа» түсетін тапсырыс көлемінің артуына әкелді. Егер дайын өнімді сату барысында қиындықтар туындайтын болса, кәсіпорын жұмысы тоқтатылуы ықтимал ? бұл 892 адамның кемінде 300-і жұмыстан босауына алып келуі мүмкін. «Кәсіпорындағы өндірістік қуаттардың істен шықпауын қамтамасыз ету үшін зауытта жұмыстан босатылатын адамдарды тиімді бөлуді көздейтін нақты шаралар қолға алынбақ. Атап айтсақ, ондай жағдайда 42 әкімшілік қызметкер 6 сағаттық жұмыс күніне ауыстырылады, 40 адамнан тұратын күзет қызметі құрылады, 29 адам өзге химиялық өндірістерге («Сәт оперейтинг» компаниясы) жұмысқа орналастырылады, жасы жеткен жұмысшылар зейнеткерлікке жіберіліп, 34 шетелдік маманмен арадағы келісім бұзылады, 124 жұмысшы басқа саладағы кәсіпорындарға жұмысқа орналастырылуы үшін қайта даярланады, 50-дей адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылады. Осы іспетес шаралар басқа да кәсіпорындарда қарастырылған», деді облыс әкімі.