Алдағы үш жылда елімізде ІТ саласы мамандарын даярлайтын үш колледж ашылады - Байланыс және ақпарат министрі

Бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан ІТ-компанияларының ІІ-съезі барысында ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті.
«ІТ саласын дамытуда мемлекеттік қолдаумен, салықтық жеңілдіктермен қоса білікті мамандардың болуы зор маңыз атқарады. Расында, да ақпараттық технологиялар саласын бұндай мамандарсыз алға жылжыту мүмкін емес. Бұл бағытта мемлекет салалық бағдарлама шеңберінде кадр мәселесін оң шешуді қолға алатын болады. Атап айтқанда, халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне қомақты гранттар бөлінуде. Бұдан бөлек, алдағы үш жылда ІТ саласын тереңдете оқытатын колледждер ашатын боламыз. Өйткені, жоғары білім болғаны әрине жақсы. Дегенмен, бізге жоғары технологиялық өндірістерді құрастырып, жинайтын мамандар да аса қажет», деді А. Жұмағалиев.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні байланыс, ІТ, радиобайланыс секілді мамандықтарға оқытатын жоғары оқу орындарының факультеттеріне де мемлекеттік қолдау жасау шаралары қарастырылуда. «Маман тапшылығы күрделі мәселе боп тұрғанын білеміз. Енді осы факультеттерге гранттар бөлу арқылы сондай олқылықты жоймақшымыз», деді министр.