Алдағы үш жылда Ұлттық қордан жыл сайын 1 трлн. 702 млрд теңге трансферт бөлінеді

Ұлттық қорды басқару кеңесінің Қордың кепілдендірілген трансфертін он бес пайызға ұлғайту туралы қабылданған шешіміне сәйкес, оның мөлшері 2015-2017 жылдар аралығында жыл сайын 1 трлн. 702 млрд. теңге сомасында айқындалды. Осы кезең ішінде жыл сайын бөлінетін кепілдендірілген трансферт кезінде Ұлттық қордағы төмендемейтін қалдық Ішкі жалпы өнімге отыз пайыздан төмен болмайтын шектеу сол қалпынша қалады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың айтуынша, болжамға сәйкес, Ұлттық қор қаражатының жалпы көлемі 2015 жылы 97 млрд. доллардан 2017 жылы 115 млрд. 600 млн. долларға дейін ұлғаяды.
«Заңды қабылдау әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларды қоса алғанда республикалық бюджет шығыстарын толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік береді», - деді министр Ерболат Досаев.