Алдағы жылдары мектеп жасындағы балалар саны 5 млн-ға дейін өседі
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2027 жылға қарай Қазақстанда мектеп жасындағы балалар саны 5 млн-ға дейін артады. Бұл туралы ҚазАқпарат Еңбек ресурстарын дамыту орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
«2027 жылға қарай мектеп жасындағы балалар саны (6-18 жас аралығындағы) 5 млн-ға дейін артады, содан кейін шамамен он жылға тұрақтану күтілуде. Алайда 2036 жылдан 2050 жылға дейін өсу қайта басталады және 2050 жылға қарай олардың саны 6,5 млн-ға жетеді», - деп жазылған орталықтың ұзақ мерзімді демографиялық болжамында.
Зерттеуге сәйкес, 1 млн 967 мың адамға өсім нәтижесінде мегаполистерге 679 мың адам келеді, оның ішінде Астана қаласына – 251 мың, Шымкент қаласына – 250 мың, Алматы қаласына – 178 мың адам келуі мүмкін. Түркістан облысында мектеп жасындағы халық санының 342 мың адамға, Жамбыл облысында – 212 мың адамға, Алматы облысында – 211 мың адамға, Маңғыстауда – 190 мың адамға өсуі күтілуде.
Сондай-ақ 2027 жылға қарай жастар саны (15-28 жас) 0,5 млн адамға өсіп, 4,1 млн адамды құрайды. 2027-2033 жылдар бойы 900 мыңға жуық қосымша өсім байқалады, ал 2033 жылға қарай жастардың жалпы саны 2022 жылғы 3,5 млн адаммен салыстырғанда 5 млн адамнан асып түседі.
«Дегенмен, қазіргі жастардың ең ересек және экономикалық белсенді бөлігі дүниеге келген 1990 жылдар аяғындағы «демографиялық ойпат» салдарынан 2024 жылға қарай жастар жұмыс күшінің саны 1,8-ден 1,7 млн адамға дейін азаюы мүмкін. Алайда 2030 жылға қарай оның саны 2,2 млн адамға дейін, ал 2035 жылға қарай – 2,7 млн адамға дейін өседі. Осылайша, алдағы 13 жылда жастар санының өсуінен ғана жұмыс орындарына деген қажеттілік 1 млн-ға жуықтайды», - дейді Еңбек ресурстарын дамыту орталығы.
2030 жылға қарай еңбекке қабілетті жастан асқан халық саны 25%-ға, ал 2050 жылға қарай – 1,7 есе өседі. Бұл жасқа дейінгі халық саны 2030 жылға қарай небәрі 2%-ға, еңбекке қабілетті жастағы - 11%-ға өседі, сол себепті 2050 жылға қарай өсім тиісінше 41% және 36% құрайды. Осылайша, егде жастағы халық саны басқа санаттарға қарағанда көбірек (жылдам) өседі, бұл орташа есепте халықтың қартаюын көрсетеді.
2050 жылға қарай жалпы (балалар және зейнеткерлік жастағы адамдар) демографиялық жүктеме коэффициенті Абай, Түркістан және Ұлытау облыстарында 100%-ға жақындайды, ал зейнетақы жүктемесі коэффициенті (зейнет жасындағы адамдардың демографиялық жүктеме коэффициенті) Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында 40%-дан асады.
2034 жылға қарай Қазақстандағы жұмыс күші саны 10 млн адамнан асуы мүмкін. 2000-шы жылдардағы «бэби бум» кезінде туған ұрпақтың еңбек нарығына келуіне байланысты 2030 жылдан бастап жыл сайынғы жұмыс күші қарқынды өсе береді. 2050 жылға қарай жұмыс күші саны демографиялық көрсеткіштердің динамикасына байланысты 11-12,5 млн адамға жетуі мүмкін, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 18-34% көбірек. Бірқатар өңірлерде (негізінен солтүстік, орталық және шығыс) жұмыс күші 25-тен 45%-ға дейін қысқаруы мүмкін болса, Астана және Шымкент қалаларында оның екі еселенуі күтілуде.
Айта кетейік, Қазақстан халқының саны 2050 жылға қарай 8,2 млн адамға өсіп, 27,8 млн адамға жетеді. 2022-2050 жылдары жаңа туған нәрестелер саны 14,3 млн адамды, қайтыс болғандар саны 5,5 млн адамды құрайды. Осылайша, табиғи өсім 8,8 млн адам болады. Алайда, көші-қонның теріс сальдосына байланысты (565 мың адам) 2050 жылға қарай халықтың таза өсімі 8,2 млн адам болмақ.