Алдағы жылы Батыс Қазақстанда облыс халқының 74,1 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілмек
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің айтуынша, өңірді газдандыру бағдарламасына сәйкес газдандырылған елді мекендер 2007 жылғы 27,5 пайыздан 2010 жылы 72,5 пайызға жетіп, қосымша 225 мың адам «көгілдір отынды» тұтынбақ.
Қазіргі кезде Ақсай қаласы мен Бөрлі ауданы оңтүстік бөлігіндегі ауылдарды газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұған республикалық бюджеттен 1 млрд. 127,2 млн. теңге бөлінді. Осы жоба жүзеге асқанда Бөрлінің тоғыз ауылы және Сырым ауданының үш елді мекені газға қосылады.
Қараша айының аяғында Мұратсай-Хан ордасы газ құбыры пайдалануға берілсе, жыл аяғына дейін «ҚПО б.в.» компаниясы қаржысы есебінен Теректі ауданының елді мекендеріне газ тартылады.
Елбасы тапсырмасына сәйкес салынып жатқан Қарашығанақ-Орал газ құбыры құрылысына өзгерістер енгізіліп, соған сәйкес алдағы жылы Сырым ауданы орталығы Жымпитыға, одан әрі Қаратөбеге «көгілдір отын» жеткізілетін болады.