Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алдағы жылы Шымкентте 36 тұрғын үйдің құрылысы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Келер жылы Шымкентте 36 тұрғын үйдiң құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл туралы «Оңтүстік Қазақстан» газеті хабарлады.

Алдағы жылы Шымкентте 36 тұрғын үйдің құрылысы басталады

Баспанасы жоқтың бабы келiспейтiнi белгiлi. Бүгiнге дейiн мемлекет тарапынан баспаналы болудың жан-жақты жолдары ұсынылып, түрлi әлеуметтiк бағдарламалар қолға алынды. Бүгiннiң өзiнде Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлiмiнде 13 219 адам пәтер кезегiнде тұр.

Былтыр «Қолжетiмдi баспана - 2020» бағдарламасының аясында 64 тұрғын үйдiң құрылысы жүргiзiлiп, оның 18-i пайдалануға берiлген. Ал, қалған 46 үйдiң құрылысы 2014 жылдың еншiсiне қалдырылған екен. Шымкент қалалық құрылыс бөлiмiнiң мәлiмдеуiнше, облыс орталығында жыл соңына дейiн 12 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берiлмек. Олардың iшiнде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» арқылы құрылысы жүргiзiлген - 4, жас отбасыларға арналған - 5, жетiм балаларға арналған - 2, қызметтiк 1 үй бар. Әрине, бұл жылдар бойы ұзын сонар кезекте тұрған отбасылар үшiн қуанышты хабар.

Келер жылдың еншiсiнде құрылысы өтпелi 34 тұрғын үй бар. Олардың қатарында әкiмшiлiк-iскерлiк орталығында жалға берiлетiн (коммуналдық) 29 көпқабатты үй, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» желiсi арқылы құрылысы жүргiзiлген 4 үй, жас отбасыларға арналған 1 үй пайдалануға берiледi деп жоспарлануда. Одан өзге 2015 жылы «Қолжетiмдi баспана - 2020» бағдарламасы аясында республикадан қаржыландырылып отырған «Қазақстандық ипотекалық компания» ипотекалық ұйымы» АҚ 8 тұрғын үйдiң құрылысын аяқтамақ. «ҚИК»ИҰ» АҚ баспасөз қызметiнiң хабарлауынша, 2013 жылы құрылысы басталған бұл өтпелi нысандарда 1080 пәтер бар. Оған жалпы сомасы 5 млрд. 4 млн. теңге бөлiнген.

Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлiмiнде «Қолжетiмдi баспана - 2020» бағдарламасы бойынша екi бағытта тұрғындар тiркеуге алыныпты. Оның бiрiншi бағытына сай тiркелген 13 219 адам 5 санат бойынша жiктелген. Оның iшiнде ҰОС ардагерлерi мен мүгедектерi - 12, жетiм және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар - 1096, халықтың әлеуметтiк жағынан әлсiз тобы - 5957, мемлекеттiк қызметкерлер (әскери және бюджеттiк қызметкерлер) - 6128, жалғыз тұрғын үйi апатты жағдайда деп танылған 26 азамат тiркелген. Ал, бағдарламаның екiншi бағыты - «Жас отбасы» санаты бойынша 539 отбасы құжат тапсырған.

- Бiрiншi бағыт бойынша 2013 жылы 171 отбасы тұрғын үймен қамтылған едi. Ал, биыл бүгiнге дейiн тұрғын үйлер құрылысының аяқталмауына байланысты кезекке тiркелгендер баспанамен қамтылған жоқ. Ал, екiншi бағыт бойынша 539 отбасының 84-i баспаналы болды. Сондай-ақ, бұл санаттағы азаматтар пәтермен жыл соңына дейiн де қамтамасыз етiле бередi деп күтiлуде, - дейдi Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлiмiнiң сектор меңгерушiсi Гүлнар Әшiрбаева.

Көңiл қуантарлық хабар, 2015 жылы Шымкент қаласында 36 көпқабатты тұрғын үйдiң құрылысын жүргiзу қолға алу жоспарлануда. Көпқабатты үйлердiң құрылысы жайында Шымкент қалалық құрылыс бөлiмi жобалау-техникалық секторының меңгерушiсi Сембек Көлбаев былай дейдi:

- Бүгiнде 6 тұрғын үйдiң жобалық-сметалық құжаты мақұлданды. Әкiмшiлiк iскерлiк орталығында iргетасы қаланатын бұл үйлердiң екеуi 5 қабаттық 45 пәтерлi үй болса, төртеуi 9 қабаттық 54 пәтерлi үй. Сондай-ақ, 30 көпқабатты тұрғын үйдiң жобасы әзiрленуде. Жоба бекiтiлген жағдайда, әкiмшiлiк iскерлiк орталықтан - 20, «Тұран» шағынауданынан 10 көпқабатты үй бой көтермек. Әкiмшiлiк iскерлiк орталықтан салынатын 20 үйдiң 8-i 144 пәтерлi болмақ. Қалғандары 9 қабаттық 54 пәтерлi үй.