Александр Бублик ATP 250 турнирінде тағы бір жеңіске жетті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Женевада (Швейцария) өтіп жатқан ATP 250 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Ширек финалда отандасымыз дүниежүзілік рейтингте 24-орында тұрған Франция өкілі Артур Риндеркнешпен кездесті. Тартысты өткен матчта Бублик үш сет қорытындысы бойынша 5:7, 6:4, 6:2 есебімен ерік-жігер танытып, жеңіске жетті. Осылайша, қос теннисшінің өзара кездесулеріндегі есеп теңесті – 2:2.
Корттағы текетірес 1 сағат 54 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Бублик 8 эйс жасап, 3 рет қос қателік жіберді және 6 брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Жарыстың финалдық жолдамасы үшін Александр Бублик АҚШ өкілі Лёрнер Тьенмен (АТР рейтингінде 20-орын) шеберлік байқасады. Екінші жартылай финалда норвегиялық Каспер Рууд пен аргентиналық Мариано Навоне кездеседі.
Айта кетелік Александр Бублик Женевадағы турнирдің ширек финалына шыққан еді.