Александр Бублик Аустриядағы жарыстың жартылай финалына өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 1-ракеткасы А.Бублик ширек финалда рейтингіде 81-орындағы словакиялық Алекс Молчанмен сынға түсті.
Қарсыластар осыған дейін бір-ақ рет кездесіп, онда словакиялық спортшы жеңген болатын.
Бұл жолы А.Бублик айқын басымдылық көрсетті - 6:3, 6:2.
Бір сағат 9 минутқа созылған бәсекеде Бублик 13 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Молчан 1 эйс, 1 брейкпен (8 брейк-пойнт) шектелді.
Александр Бублик финалға шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы, аргентиналық Томас Мартин Этчеверримен таласады.
Өткен жылы осы додада А.Бублик үздік шыққан болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Аустриядағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған едік.