Александр Бублик Женева жарысында бақ сынайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик іріктеу сайыстары өтіп жатқан Женева (Швейцария) ATP 250 турнирінде өнер көрсетеді.
Қазақстандық теннисші аталмыш жарыста 2-ракетка болып тіркелген.
Доданы екінші айналымнан бастайтын А.Бублик әлемнің 66-ракеткасы, италиялық Лоренцо Сонего немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі.
Осыған дейін Женевада екі рет бақ сынаған А.Бублик алғашқы айналымнан аса алмаған.
Жарыстың жүлде қоры 612 620 еуроға бағаланған. Турнир чемпионы 93 175 еуроға қоса 250 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.
Өткен жылы мұнда әлемнің 4-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы, сербиялық Новак Джокович үздік шыққан.
Биыл әлемдік рейтингіде 7-орында тұрған америкалық Тейлор Фриц Женевада 1-ракетка болып тіркелген.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Шымкентте жасөспірімдер құрамалары арасында Билли Джин Кинг кубогының іріктеу турнирі аяқталғанын жазған едік.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Страсбург турнирін сәтті бастады.