Александр Бублик Женевадағы турнирдің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Швейцарияда өтіп жатқан топырақ кортындағы ATP 250 турнирін сәтті бастады. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі мәлім етті.
Екінші айналымда әлемдік рейтингте 10-орында тұрған ұлттық құрама көшбасшысы литвалық Эдас Бутвиласпен (№253 ATP) шеберлік байқасты. Теннисшілердің өзара алғашқы кездесуі екі сетте 6:4, 6:3 есебімен отандасымыздың пайдасына аяқталды. Корттағы текетірес 1 сағат 20 минутқа созылды.
Енді Женевадағы жарыстың жартылай финалына шығу үшін Бублик франциялық Артур Риндеркнехпен күш сынасады.
Еске сала кетейік, Римдегі Мастерс турнирінен кейін Александр Бублик жекелей сында әлемнің ең үздік 10 теннисшісінің қатарына қайта оралған болатын.
Айта кетейік, кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жария еткен әлемдік рейтингіде қазақстандық спортшылардың орындары анықталды. Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 11-ден 10-сатыға көтеріліп, өзінің үздік көрсеткішін қайталады.