Александр Бублик жұптық сында Дубай турнирінің ширек финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Александр Бублик жұптық сында Дубай АТР 500 турнирін жеңіспен бастады.
А.Бублик қытайлық Цзючжэн Шанмен бірге алғашқы айналымда тайбэйлік Рэй Хо — германиялық Хендрик Йебенске тап келді.
Бірінші партияда тайбэйлік-германиялық дуэт ептілік танытты — 6:4.
Екінші сетте Бублик — Шан дәл сондай есеппен есе қайырды — 6:4. Содан кейін супер тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 12:10.
Бір сағат 12 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-қытайлық жұп 8 эйспен бірге 1 брейк-пойнтты пайдалана білді. Хо — Йебенс 9 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) ерекшеленді.
А.Бублик — Ц.Шанның ширек финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Қазақстандық теннисші осы додада жекелей сында 2-ракетка ретінде тіркелген. Оның бастапқы қарсыласы — германиялық Ян-Леннард Штруфф.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның әлемдік рейтингіде өзінің рекордын қайта жаңартқанын жазған едік.