14:29, 14 Наурыз 2013 | GMT +5
Александр Лукашенко беларус шенеуніктеріне құны 25 мың еуродан асатын жеңіл көліктерді сатып алуға тыйым салды
АСТАНА. 14 наурыз. ҚазАқпарат - Беларусь президенті Александр Лукашенко қызметтік жеңіл көліктерді сатып алуды реттеу туралы жарлыққа қол қойды. Ол бойынша енді бұдан былай мемлекеттік мекемелер тек 25 мың еуродан төмен тұратын автокөліктерді сатып ала алады.

Бұл туралы InoСМИ.Ru порталы жергілікті «Белорусский партизан» сайтына сілтеме жасап хабарлады.
«Мемлекеттік органдар, жарғылық қорының 50 пайыз акциясы мемлекет меншігінде болып табылатын шаруашылық қоғамдар мен мемлекеттік заңды тұлғалар, сонымен қатар ауыл шаруашылық ұйымдары сатып алатын қызметтік көліктің құны кедендік салықпен қоса алғанда 25 мың еуроға тең қаражаттан аспауы тиіс», - деп мәлім етті Беларус басшысының баспасөз қызметі.
Аталмыш жарлықты бұзған шенеунікке немесе заңды тұлғаға 100 млн. беларус рубліне дейін әкімшілік айыппұл салынады.