Александр Шевченко Братислава жарысының екінші айналымына өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 100-ракеткасы Александр Шевченко Братислава (Словакия) челленджер турнирін жеңіспен бастады. 

Александр Шевченко Братислава жарысының екінші айналымына өтті
Фото: ҚР МОҚ

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 285-орындағы германиялық Кристоф Негритумен өткізді.

Александр Шевченко бұл матчта қинала қойған жоқ – 6:4, 6:1.

Бір сағат 8 минутқа созылған ойында қазақстандық спортшы 7 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жіберген жоқ. Негриту 6 эйспен шектелді.

Александр Шевченко ширек финалға шығу үшін әлемнің 213-ракеткасы, ұлыбританиялық Ян Чоинскимен таласады. Ол рейтингіде 342-сатыдағы словакиялық Йозеф Ковалекті жолдан тайдырды – 6:3, 6:4.

Тағы бір қазақстандық, әлемнің 182-ракеткасы Михаил Кукушкин Илкли (Ұлыбритания) челленджер додасының алғашқы айналымында рейтингіде 340-орындағы жергілікті теннисші, 22 жастағы Джек Пиннингтон-Джонстан ұтылып қалды – 2:6, 5:7.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Лондон турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар