Александр Шевченко Ролан Гаррос турнирінің келесі айналымына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 103-ракеткасы Александр Шевченко Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің екінші айналымына шықты.

Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында жеңіліс тапқанымен, кейін негізгі жарысқа шақырту алған еді.
Бұл мүмкіндікті А.Шевченко тиімді пайдаланды. Алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 125-орында тұрған сербиялық Душан Лайовичтің мысын басты.
Қазақстандық спортшы 6:2, 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңіске жетті.
Екі сағат 15 минутқа созылған бәсеке барысында Шевченко 3 эйске қоса 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Лайович 3 эйс, 2 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Шевченко келесі айналымда әлемнің 17-ракеткасы, болгариялық Григор Димитров немесе рейтингіде 106-сатыдағы америкалық Итан Куинның қай жеңгенімен таласады.
А.Шевченко өткен жылы Франция ашық чемпионатында екінші айналымнан аса алмаған еді.
Қазақстандық теннисші қазіргі сәтте ATP Live рейтингісінде 100-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Италиядағы турнирдің екінші айналымына өткенін жазған болатынбыз.