Александр Вербняк Екібастұз қаласының әкімі болып тағайындалды
ПАВЛОДАР. 15 қараша. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Екібастұз қалалық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Вербняк Александр Фёдорович Екібастұз қаласының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Вербняк Александр Фёдорович 1953 жылы Краснодар өңірі Белореченск ауданы Черниговская станицасында туған. Алматы политехникалық институтын инженер-механик және Павлодар университетін менеджмент магистрі мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.
Еңбек жолын Пензен облысы Занетчино кенті бас май зауытының инженер-механигі болып бастады.
1976-1984 жылдар аралығында Қарулы Күштердің әскери-құрылыс отрядында қызметін өтеді.
1984 жылдан 1995 жылға дейін өндірісте және партиялық органдарда жұмыс істеді: Қазақстан Компартиясының Екібастұз қалалық комитетінің нұсқаушысы, Екібастұз қаласы сүт зауытының директоры, Павлодар қаласының «Сүт» АҚ төрағасы.
1995 жылдан бері мемлекеттік қызметте: Павлодар қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары.
2001 жылғы 22 қарашадан қазіргі уақытқа дейін Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметінде болды.
Екібастұз қаласының әкімі болып жұмыс істеген Нұрлан Абзалұлы Нәбиев басқа жұмысқа ауысуына байланысты лауазымынан босатылды.