Александр Винокуров Рим Папасына қазақстандық команданың жейдесін сыйлады
АСТАНА. KAZINFORM — Олимпиада чемпионы және XDS Astana Team командасының бас менеджері Александр Винокуров Ватикан мемлекетінің басшысына қазақстандық велокоманданың жейдесін сыйға тартты.
Өз кезегінде Рим Папасы Лев XIV команданы «Джиро д’Италиядағы» жарқын өнерімен құттықтап, шабандоздарға алдағы уақытта жаңа жеңістер мен жетістіктер тіледі.
Маусымның алғашқы суперкөпкүндігі — «Джиро д’Италия» кеше, 31 мамыр күні Римде аяқталды және XDS Astana Team үшін соңғы жылдардағы ең табысты жарыстардың біріне айналды. Команда үш кезеңде жеңіске жетіп, жарыс барысында «Джироның» басты символы — әйгілі қызғылт жейдені кию мәртебесіне ие болды.
— Команда «Джиро д’Италияда» жарқын өнер көрсетіп, әлемдегі ең ірі веложарыстардың бірінде Қазақстанды лайықты таныстыру үшін бар күшін салды. Осындай жоғары халықаралық деңгейде айтылған тілектерді қабылдау — біз үшін үлкен мәртебе әрі алға жылжып, жаңа жеңістерге жетуге қосымша мотивация, — деді Александр Винокуров.
Құттықтаудың дәл Римде «Тур де Франс» және «Вуэльта Испаниямен» қатар әлемдегі ең ірі үшвеложарыстың бірі саналатын «Джиро д’Италия» аяқталып жатқан сәтте айтылуы ерекше мәнге ие.
XDS Astana Team 1565 ұпай жинаған «Джиро д’Италия» қорытындысы бойынша қазақстандық команда UCI әлемдік командалық рейтингіндегі 5-орнын сақтап қалды. Маусымның алғашқы бес айында команда 8318.71 ұпай жинады.
Сонымен қатар жобаның континенталдық командасы — XDS Astana Development Team жетістіктерін де атап өткен жөн (команда шабандоздарының 50%-ы Қазақстан өкілдері). 2026 жылғы маусымда команда 5 жеңіс пен 5 жүлделі орынға қол жеткізіп, қазіргі уақытта UCI континенталдық командалар рейтингінде үшінші орында келеді және Әлемдік Тур командаларының жастар жобалары арасында абсолютті көшбасшы болып отыр. 891.1 ұпай жинаған XDS Astana Development Team ең жақын қарсыласы — UAE Team Emirates Gen Z жастар командасынан 300-ден астам ұпайға озып тұр.
XDS Astana Team мен XDS Astana Development Team-нің жарқын маусымы қазақстандық жобаның кәсіби велоспорт әлеміндегі орнын нығайтуды жалғастырып, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы имиджін ілгерілетуге ықпал етуде.
Айта кетелік Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы XIV Леоны Астанаға шақырған еді.