«Әлем әдебиетін қазаққа таныттық, қазақ әдебиетін әлемге паш ете алдық па?» - республикалық басылымдарға шолу
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға Мемлекеттік сапармен келген Словакия Республикасының Президенті Иван Гашпаровичпен кездесті. Аталған тақырыпты арқау еткен мақала «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Орталық Азиядағы ең сенімді серіктес» деген тақырыппен беріліпті. «Ақордадағы ресми қарсы алу рәсімдері аяқталған соң Мемлекеттер басшылары екіжақты келіссөз жүргізді. Бір атап көрсететін жәйт - әлемдік қаржы дағдарысына қарамай, екі елдің арасындағы тауар айналымы 2009 жылы 10 пайызға артып, 1 млрд. АҚШ долларын құраған. Жалпы алғанда, 2003 және 2009 жылдар аралығында екі елдің арасындағы сауда көлемі 10 есеге жуық артқан»,-дейді басылым.
Осы тақырыптағы мақаланы «Айқын», «Алаш айнасы» газеттерінің бүгінгі санынан да оқи аласыздар.
«Өткендегі ғұламалар тілді діннен де жоғары қойған. Тіл болмаса, дін қалай таралмақ, адамдар қалай түсініспек?! Қазақ әдеби тілінде белсенді қолданылып жүрген жүз елу мыңның ол жақ бұл жағында сөз болса, ал терминдер қай тілдің болмасын әдеби қорынан көп болады екен. Тіліміздегі терминдер қазір жарты миллион маңайында. Яғни болашақ мамандарды күтіп тұрған жұмыс көлемі орасан. Сондықтан терминдер туралы біздің таным-түсінігіміз үнемі кеңейіп отыруы тиіс»,-деп жазған «Егемен Қазақстан» газетіндегі келесі мақала рухани байлығымыз тіл жайында сөз қозғапты. Толығырақ газеттегі «Тілі нақ, рухы ұлтқа жақ заңнамаға қалай, қайтіп қол жеткізуге болады?» деген атпен берілген мақалаға назар аударыңыз.
***
Кеше ЕҚЫҰ-ның іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бастаған қазақстандық делегацияның Шығыс Еуропаның Белоруссия, Украина, Молдова сынды жапсарлас жатқан мемлекеттеріне сапары басталды. Осыған байланысты «Айқын» басылымының бүгінгі санында «Қазақстан - Белоруссияның негізгі әріптесі» атты мақала жарық көріпті. Мұнда Белоруссия елінде екі ел арасындағы қордаланып қалған мәселелердің талқы таразысына салынғандығы жазылыпты.
«2015 жылы орта білім беру 12 жылдық жүйеге көшеді». Осы тақырыппен берілген «Айқын» басылымындағы келесі мақала бірқатар жағымды жаңалықтарды ортаға салыпты. «Сәуір айынан бастап шәкіртақы мен мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға өседі. ЮНЕСКО-ның білім беру саласындағы есебі бойынша Қазақстан 129 ел ішінде бірінші орында. 11 наурыздан бастап еліміз халқаралық Болон процесіне енді. Ел «100 мектеп» бағдарламасы биыл толықтай аяқталмақ»,-дейді басылым.
«Жамбылдық полицейлер төрт күндік «Іздестіру» операциясы барысында қылмыс жасап, қашып жүрген 22 адамды және өткен жылы қылмыс жасаған 5 қылмыскерді іздеп тапты. Із кесушілердің көмегімен хабар-ошарсыз кеткен 57 адам және 119 аты-жөні анықталмаған мәйіт тіркеуге алынды»,-деп жазды «Айқын» газетінің бүгінгі саны. Егжей-тегжейін газеттегі «Таразда аты-жөні анықталмаған 119 мәйіт табылды» атты мақаладан оқи аласыздар.
***
«Биыл Алматы қаласының көшелерін жөндеуге 10 миллиард теңге бөлінді. Аталмыш қаржыға жалпы ұзындығы 144 шақырымдай болатын 191 көше қалпына келтіріледі деп күтілуде. Қосымша қала шетіндегі ықшамаудандарға да жаңадан 35 шақырым жол төсеу жоспарланып отыр. Айта кетер жайт, жол жөндеуге бөлінген биылғы қаржы өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. Мәселен, өткен жылы 386 шақырымдай жол жөндеуден өткен. Биыл бөлінген ақшаның көлеміне қарай жөндеу жүргізілетін көшелердің саны да кеміген. Алайда біз қала көшелеріне жасаған арнайы барлауымызда шұрық-тесік көшелердің саны былтырғыдан артпаса кемімегенін байқадық. Демек, Азияда қонақтарына Алматы жолдары «тосын сый» болуы әбден мүмкін»,-деп жазған «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санындағы «Есімовтың «ескі жолына» 10 млрд жетер ме екен?» атты мақала Алматы қаласының жолдарын сынға алыпты. Аталмыш мақалада қала көшелеріндегі шұрық-тесік жолдар фото суреттер арқылы көрсетілген.
27 наурыз - Халықаралық театр күніне орай биыл қазақ театры тарихында тұңғыш рет сахна өнерінде қол жеткізген кәсіби табыстары үшін Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл» сыйлығы тағайындалды. Үміткердің ішінен таңдаулы төрттікке кімдер ілінді? Бұл туралы толығырақ «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санындағы «Үздіктерге «Еңлікгүл» табыс етілді» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
«Біз ең болмаса, Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Махамбет, Әуезов, Мақатаев институттарын ашып, олардың жұмысын шетелдерде жүргізуіміз қажет. Орыстардың өзі бүкіл тарихи тұлғалары мен классик жазушыларының шығармаларын үлкен экранға шығара бастады. Ал бізде әлі күнге Абай туралы жұрт көретіндей бір көркем фильм жоқ. Қажет болатын болса, қазақтың қаймақтарының барлығының дерлік бір емес, бірнеше серияға жүк бола алатындай қадір-қасиеті де, қауқары да бар. Тек осыны қолға алатын кісі таба алмай қор боласың. Болмаса әдебиеттің өрісі бір реткі мүшәйралар мен бәйгелермен, таралымы 1000 дана кітаптың шығуымен ғана шектеліп қала бермек»,-дейді ақын, халқаралық «Алаш» сыйлығының иегері Жәркен Бөдешұлы «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатында. Ақынның бүгінгі әдебиетіміз мен рухани құндылықтарымыз жайындағы ойларымен ортақтасқыңыз келсе, гезеттің «Дат» айдарындағы «Әлем әдебиетін қазаққа таныттық, қазақ әдебиетін әлемге паш ете алдық па?» деген тақырыппен берілген сұхбатқа назар аударыңыз.
Кеше Алматы қаласында Ақ Азия ойындары қарсаңындағы шеф де миссион мәслихаты өтті. Мәслихатқа Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) басшылары мен Азия мемлекеттерінің Ұлттық Олимпиада комитеті мүшелері қатысты. Осыған байланысты «Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Алматыға тексеріс келді» деген мақала жарық көріпті. «Мәслихат барысында дүбірлі доданы ұйымдастырушы ел Азия Олимпиадалық кеңесінің басшыларына, сондай-ақ Азия мемлекеттерінің Ұлттық Олимпиада комитеті мүшелеріне дайындық барысымен таныстырады. Сонымен, Алматыда өткен шеф де миссион мәслихаты жоғары дәрежеде өткен сыңайлы. Олай дейтініміз, ұйымдастырушылардың қонақжайлылығына, Ақ Азия ойындарына дайындығына дән риза болған қонақтар мәслихаттан көтеріңкі көңіл-күйде шығып жатты»,-дейді басылым.