ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Әлем жұртшылығы Жаңа жылды қарсы алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қой жылының соңғы аптасында ғаламшар тұрғындары жаңа 2016 жылды шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алды. Сиднейден бастап Нью-Йоркке дейінгі аралықты мекендеген барша әлем жұртшылығы бұл мерекені жаппай тойлап, мерекелік көңіл-күйді көкке шашылған көздің жауын алар фейерверк шоуы көтере түсті. Дегенмен, лаңкестік қауіптен қауіптенген Еуропа жұртшылығы мерекелік іс-шаралар өтетін кезеңде қауіпсіздік шараларын барынша күшейте түсті. Тіпті, кейбір қалалар Жаңа жылдық отшашудан да бас тартты.
None
None

Сонымен, адамзат баласы тағы бір жаңа жылды төрге оздырды. Мереке ең алдымен Австралияда басталып, отшашу шоуын көрмек болған миллионнан астам адам Сиднейдегі айлаққа жиналды. Олар түнгі аспан аясында отшашудан алтын әрі күміс түсті сан алуан бейнені тамашалады. 12 минутқа созылған отшашу барысында 7 тоннаға жуық пиротехника шығындалды.

Сәл кейінірек Жапония астанасы Токио қаласының мыңдаған тұрғыны Зойойи ғибадатханасында жаңа жылды қарсы алды. Тура түнгі сағат 12-00-де осынау буддалардың қасиетті ғибадатханасына қоңырау 108 мәрте соғылды. Сонымен қатар күншығыс елордасының тұрғындары «Tokyo Tower» телевизиялық мұнара маңына да жиналып, дәл түнгі 00-00-де аспанға бірнеше мың ақ әуе шарларын ұшырды.

Ал Дубайда әлемдегі ең зәулім «Бурдж Халифа» (829 метр) ғимараты жанында әлемдегі ең үлкен отшашу болды. Айта кетерлігі, өкінішке орай Дубайда Address Hotel Downtown қонақүйі отқа оранып, жергілікті билікті біраз әбігерге салған болатын. Өйткені, аталған қонақ үй «Бурдж Халифаның» қасында орналасқан болатын. 63 қабатты Address Hotel Downtown қонақүйіндегі өрт 20-шы қабатынан басталған. Тілсіз жаумен әмірліктің азаматтық қорғаныс күштерінің тікұшақтары мен өрт сөндіру қызметі күресті. Абырой болғанда өрттен зардап шеккендер жоқ. Қала муниципалитеті төтенше оқиғаға қарамастан, «Бурдж Халифада» жаңа жылдық салтанатты өткізді. Жарты сағатқа созылған отшашу кезінде 1,6 тонна пиротехника мен 400 мың LED-жарықтандырғыш қолданылды. Оны 2 миллионнан астам адам тамашалады.

Айтпақшы, мереке түні Жаңа жылды Downtown ауданында қарсы алғысы келетін Дубай қаласының тұрғындары мен қонақтарын полицейлер «бойдақтар» және отбасылы деп екіге бөлді. Белгілі бір күндері тек жанұялылар ғана қатынайтын «Бүкіләлемдік ауыл» жәрмеңкесі уақытында бойдақтардың келуіне шектеу баяғыдан бар болса да, бұл шара Дубайда алғаш рет қабылданған еді.

Ал Еуропада 2016 жылдың табалдырықтан аттауы Лондондағы Биг-Бен сағатының қоңырау соғуымен басталып, «London Eye» төңіректі шолу дөңгелегі тұсындағы отшашуға ұласты. Трафальгар алаңына Норвегиядан жеткізілген үлкен шырша орнатылды. Оның биліктігі 25 метрді құрайды.

Парижде де ел билігінің түрлі лаңкестік әрекеттерден қауіптенуіне қарамастан жаңа жылды қарсы алу шарасы өз деңгейінде өткізілді. Бірақ, жаңажылдық отшашу болған жоқ.

Брюссельдегі жаңа жылды қарсы алу шаралары да пиротехникалық шоусыз өтті. Бұл елдің билігі де лаңкестік әрекеттердің орын алуынан қауіптенген болатын. Ал Берлинде қаланың жүз мыңдаған тұрғыны мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер Бранденбург қақпасы маңына жиналып, көкке шашылған түрлі-түсті отшашудың куәсі болды.

Бразилияның Рио-де Жанейров қаласында шамамен 2 миллион адам Мешін жылын атақты Копакабан жағажайында қарсы алды. Теңізде тұрған кемеден 16 минутқа созылған отшашу жасалды. Жалпы, оған 24 тонна пиротехниканың кеткендігі белгілі.

Қауіпсіздік шараларының қатаңдатылуына қарамастан Нью-Йоркте де миллионға жуық адам жаңа жылды қарсы алу үшін Таймс-скверге жиналды. Бұдан бөлек 100 миллионнан астам адам осы алаңда орын алып жатқан мерекелік шараларды теледидардан тамашалады. Жалпы, жаңажылдық шараларды теледидардан тамашалаған көрермендердің саны Жер шарында миллиард адамға жетті.

Соңғы жаңалықтар