ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Ескерілмеген әлеуметтік фактор еуропалық ықпалдастықты естен тандыруда
АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде халықаралық тыныс-тіршілікте орын алған негізгі оқиғалар еуропалық валюталық одақтың болашағына қатысты орын алды.
Соңғы уақыттарда еуроаумақтағы келеңсіз үдерістердің күшейе түсуі Кәрі құрлықты мекендеген барлық елдердің ғана емес, сонымен қатар бірқатар басқа да мемлекеттердің, халықаралық қаржы ұйымдарының басын ауыртып, балтырын сыздата бастағандығы шындық.
Еуроаймақтағы бүгінгі дағдарыс 2010 жылдың ортасында валюталық одақтың Португалия, Ирландия, Грекия және Испания сынды елдерінің сыртқы қарыз міндеттемелерін жабумен байланысты туындаған күрделі қаржылық проблемаларға душар бола бастаған кездің өзінде-ақ нақты белгілі болған еді. Сол уақыттан бері бірқатар проблемалардың түйінін тарқатуға мүмкіндік туындап, әрі сол күрмеуі көп күрделі жайттарды еуропалықтар естерінен де шығарған еді.
Дегенмен, еуроаймаққа қатысушылардың қаржы жүйесіндегі іргелі кемшін тұстары назардан тыс қалды. Қиыншылықтар көп күттірген жоқ. Қазіргі уақытта еуроаймақтағы жағдайы барынша проблемалы ел Грекия болып отыр, одан кейін Испанияның шаруасы шатқаяқтап тұр.
2010 жылдан бастап кетеуі кеткен Афиныны құтқару үшін Еуроодақ пен Халықаралық валюта қоры қатаң бюджеттік саясат бағдарламасы мен құрылымдық реформаларды жүзеге асыру бойынша міндеттемелерге айырбас ретінде шамамен 350 млрд. еуроға жуық қаржы бөлген болатын. Бірақ та елдегі жалпы экономикалық ахуал құлдырауын тоқтатар емес.
Қазіргі уақытта Грекия ЕО мен Халықаралық валюта қорының кезекті несие траншына айырбас ретінде шығыстарын қысқартуды жоспарлауда. Егерде бюджет қажетті мерзімде толықтырылмайтын болса, онда ел ішкі міндеттемелер бойынша дефолтпен бетпе-бет келеді. Ал бұл еуроаймақпен қатар одан да тысқары жерде дағдарыс толқынын туындатады.
Испанияның да жағдайы мәз емес. Жұма күні елдің ең бай өңірлерінің бірі саналатын Каталонияның да 13 млрд. долларға берешек міндеттемесі және де дәл осындай көлемді бюджет тапшылығы бар екендігі белгілі болды. Ал бұл берешек міндеттемені өңір өз бетінше жаба алмайтындығы айқын.
Аптаның ортасында тәмамдалған Брюссельдегі ЕО елдері көшбасшыларының кезекті бейресми саммиті де ілкі нәтиже шығарған жоқ. Еуропалық қаржы жүйесінің негізгі локомотиві саналатын Франция, Германия және Ұлыбритания елдерінің қатаң экономикалық шаралар барысында алғашқы кезекті дағдарысқа қарсы әрекеттерінде ымыраға келе алмауы салдарынан жағдай одан әрі ушығып барады.
ЕО-ның бейресми саммитінен кейін Еуроодақ президенті Херман Вам Ромпей Грекия өзіне алған міндеттемелерді орындау шартымен ғана еуроаймақта қалуы қажеттігін мәлім еткен болатын.
Дегенмен де, сарапшылардың басым бөлігі Грекияның еуроаймақта қалуға еш мүмкіншілігі жоқ деп санайтындықтарын ашық айтып отыр. Еуротоптың басшысы Жан-Клод Юнкер саммит қарсаңында ЕО басшылары қандайда бір себептермен Грекия еуроаймақтан шеттетілген жағдайға арналған жоспарды әзірлеп жатқандығын айтқан болатын. Дегенмен де бұл ақпарат әлі қуатталмаса да, дәл осындай сценарийдің орын алуы бек мүмкін. Тіпті еуромен параллель Geuro (Greece + euro) жаңа валютасын немесе ортақ тәуелсіз облигациялар енгізуге үміттену де біржақты болжамдар берер емес.
Еуроодаққа байланысты теріс болжамдар еуропалық валютаның басқа валюталармен салыстырғанда өз ұстанымын жоғалтуға мәжбүрлеуде, осы аптаның соңында еуро курсы долларға қарағанда соңғы 22 айдағы ең төменгі шегіне түсіп, 1 еуро 1,2533 долларды құрады.
Жалпы айтқанда, қаржы институттарының есептен шалыс басуы қатардағы салық төлеушілердің мойнына жүк артып отыр. Елді құтқару азаматтарға айтарлықтай қиындықтар туындатуда: зейнеткерлік жасы ұлғайтылуда, жалақы, жәрдемақы, шәкіртақы қысқаруда, әлеуметтік жеңілдіктер алынып тасталуда.
Міне дәл осы әлеуметтік фактор бүгінгі таңда Еуропа және де жекелей алғанда еуроаймақ бетпе-бет келіп отырған жаңа қатерге айналып келеді. Халқының басым бөлігі (түрлі бағалаулар бойынша шамамен 70 пайызы) қатаң саяси жағдайға түбегейлі қарсылық танытып отырған Грекияның ахуалы саяси дағдарысқа жол ашты. Өйткені 6 мамырда өткен сайлауда жеңіске жеткен партиялар жаңа үкіметті құруда ортақ ымыраға келе алар емес. Екінші мәрте сайлау өтетін 17 маусымда да жағдайдың өзгере қоюы неғайбыл.
Еуроаймақтың ертеңгі жағдайы, жалпы әлемдік қаржы жүйесінің ахуалы қандай болады деген мәселеде бір жақты жауап беруге болмайды. Орын алған жағдайға орай тіпті ең табысты ойыншылардың өзі де өзінің мүддесі мен ұстанымдарын басшылыққа ала отырып тәуекелге баруына тура келеді. Олай болмаған жағдайда шағын болғанымен экономикалық жағынан тығыз байланыстағы ЕО әріптесінің күйреуі барлық әлемдік қоғам үшін ауыр салдары бар проблемалар туындатуы мүмкін.