ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Еуроаймақ дағдарысы. Кипрден шабуыл

АСТАНА. 23 наурыз. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішінде Кипр экономикасындағы мүшкіл ахуал еуропалық валюталық аумақтың болашағына қатысты кезекті бұлыңғыр болжамдардың жасалуына басты себепке айналды.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Еуроаймақ дағдарысы. Кипрден шабуыл

Соңғы жылдары біршама тұрақтылық орнаған Еуроодақ пен еуроаймаққа мүше Жерорта теңізі елдері дефолт табалдырығына тап болды. Күрделі проблема мемлекеттік қаржы мен кипрлік банк жүйесіне әсер етуде. Бүгінде Кипр қаржылық апат алдында тұр. Орын алған күрделі жағдайдан шығу үшін билік бірнеше аптадан бері талпыныс жасауда. Бұған дейін ел үкіметі Еуроодақтан 17,5 млрд. еуро сұраған болатын. Алайда оларға Брюссельден тек 10 млрд. еуро турасында ғана сөз қозғауға мүмкін болатындығын анық білдіріп отыр. Оның өзінде де мемлекетке қатаң талап қойылуда. Нақты айтқанда, ел 5,8 млрд. еуро жинауы қажет. Ал оны қалай жинау керектігінің өзі бас ауыртар проблема әрі мүлдем үмітсіз десек те болады.

Естеріңізге сала кетейік, Кипр төңірегінде орын алып отырған дүрбелең биліктің барлық салымшылар, атап айтқанда, корпорациядан бастап қатардағы азаматтарға да, оның ішінде шетелдіктерге де бір реттік салық енгізу көзделген заң жобасын іске асыруға талпыныстарына байланысты ушыққан еді. Еуропалық құрылымдардың ұсыныстарына сәйкес 20 мыңнан 100 мың еуроға дейінгі салымға 6,75 пайыз, ал 100 мың еуродан жоғары салымдарға 9,9 пайыз салық енгізу болжанған болатын.

Мұндай идея Кипрдің өзінде, сонымен қатар сыртқы қаржылық әріптестер арасында да барынша наразылық туындатты. Соңғы жылдары Никосияның сенімді кредиторына айналған Ресей ең жоғары саяси деңгейде қарсылық танытты. Мұндай алаңдаушылық түсінікті де. Өйткені кипрлік оффшорлар ресейлік қаржы-өнеркәсіптік топтар тарапынан салықтан жалтару тетігі, сонымен қатар сыртқа шығарылған қаржыны сақтау үшін мамыражай айлақ ретінде кеңінен пайдаланылады. Жекелеген бағалауларға қарағанда, бірреттік салықтан ресейлік капитал шамамен 2-3,5 млрд. доллар қаржысынан қағылатын көрінеді. Мәскеу мұндай идеяны кәсіби тұрғыда теріс әрі қауіпті «өзгенің қаржысын тәркілеу» деп атады.

Осы апта ішінде Кипр парламенті дауыс беру нәтижесінде банктік салымдар бойынша бұл жоспарды қабылдамай тастады. Сәл кейінірек енгізілген 20 мың еуродан төмен көлемдегі депозит салымшыларын салықтан босату туралы өзгеріс те қабылданбады.

Экономиканы жақсартудың одан арғы идеясында мыналар көзделген: Кипрдің зейнетақы қорларын мемлекет меншігіне айналдыру, мемлекет активтерін біріктіру және арнайы міндеттемелер шығару, сонымен қатар газ кен орындарын өңдеуге әлеуетті қатысушы мүмкіншілігін беру арқылы Ресейден қаржы тарту. Осы күндері Кипрдің қаржы министрі Мәскеуге келіп кетті. Дегенмен, қандай да бір уағдаластыққа қол жеткізе алған жоқ.

Кеше Кипр парламенті шұғыл өткен жиын барысында Ұлттық ниеттестік қорын құру көзделген «Б» жоспарын мақұлдады. Ол мемлекеттік активтерді біріктіру жолдары арқылы банк жүйесін етектен алған дағдарыстан шығаруға қажетті қаржыны жинауға мүмкіншілік береді деп болжануда. Бұған қоса, бір мезетте үкіметке капитал қозғалысына бақылау жасауға мүмкіндік беретін жобаны да мақұлдады.

Бірақ та ірі банктің депозиттерден бірреттік алым жинау енгізу туралы заң жобасы мәселесі әзірше өз шешімін тапқан жоқ.

Кипрдің өзінде де тұрақсыздық орын алуда, банктер клиенттерге қызмет көрсетулерін уақытша тоқтатып жатса, кипрік қор биржасы да жұмысына шектеу қойды. Іс жүзінде апта бойы адамдар өз есепшоттарынан қаржы шешіп алу үшін банкоматтар алдында ұзын-сонар кезекке тұрды. Ел астанасында шерулер жалғасуда.

Іс жүзінде тұйыққа тірелу ахуалы орын алған. Барлығы да Кипр дефолты барынша қауіпті екендігін жақсы түсінеді. Өйткені бұл елде орын алған дағдарыс бүкіл Еуроаймақтың қаржы жүйесіне соққы болып тиеді. Бұған қоса, мұндай жағдайда Никосияның валюталық одақтан шығуды қалайтындығы анық әрі еуро ұстанымы барынша әлсірейтіндігі де белгілі. Дәл осындай сценарий өрбитін болса, Ресей 30 млрд. доллардан астам қаржысынан қағылады. АҚШ банктерінің мәліметтеріне сәйкес, Кипр арқылы Ресейден салынатын және шығарылатын инвестиция көлемі 25 пайызды құрайды.

Дегенмен Брюссель де, Мәскеу де оңалтудың кипрлық жоспарын қабылдауға дайын емес. Германия бастаған еуроаймақ елдері Кипрге қысымды күшейтуде. Еуропалық елдерді өздерінің оңтүстіктік әріптестерінің арқа сүйеушілік кейпі шаршатқан сыңайлы. Ресей де өз көмегінің қайтарымы болатындығына кепіл көріп отырған жоқ және Еуроодақтың келісімі арқылы өз инвестициясының болашақ сенімділігін қамтамасыз етуді сұрауда.

Таяу аралықта Кипрдің қандай көнушілік қадамға баратындығы әрі оның әріптестердің ішінен кімнің бірінші қабылдайтындығы басты мәселеге айналып отыр.