ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: ИЫҰ сириялық оппозицияны қолдады
АСТАНА. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Өткен аптаның маңызды оқиғасы Лондондағы Олимпиадалық ойындардың аяқталуына байланысты болды. Олимпиадалық ту 2016 жылғы жазғы ойындардың алдағы астанасы Рио-де-Жанейроға тапсырылды. Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан 12-ші орында тұғырланып, 20 алдыңғы қатарлы спорттық державалардың қатарына енді.
Ислам ынтамақтастығы ұйымы сыртқы істер министрлері аптаның басында Сириядағы билік пен оппозицияның қарулы қақтығыстарының жалғасуына байланысты аталған елдің ИЫҰ-ға мүшелігін тоқтата тұру туралы шешімдері келісті. Түрлі есептеулер бойынша Сириядағы келіспеушіліктің 17 айында 21 мыңға дейін адам қаза болды. 16 тамызда бұл шешім ИЫҰ құрамындағы мемлекеттердің басшыларымен бекітілді.
Бастапқыдан осы шешімге Иран ғана қарсылық еткен еді. ИЫҰ-ның қалған мемлекеттері Түркия мен Сауд Арабиясының ұстанымын қолдады. Бұл екі мемлекет өз кезегінде Башар Асадты тақтан тайдырушыларға жақтасып отыр. Ұйымның сессиясы барысында Иранның президенті Махмуд Ахмадинежад ислам әлеміндегі елдердің сотын тағайындауды ұсынды. Бұл сот өз кезегінде мұсылман елдері арасындағы және мемлекет ішіндегі қақтығыстарды шешу үшін кең құзыреттілікке ие болуы тиіс.
Өтіп бара жатқан апта ішінде Түркітілдес елдердің Парламенттік Парламенттік ассамблеясы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің байқаушысы мәртебесін алды. ТүркПА ассамблеясы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің байқаушысы мәртебесін алған төртінші ұйым болды. Мұндай ұйымды құру идеясын 1992 жылдың 5 қазанында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. Бұл бастаманың қозғаушы күші Азиядағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тиімді әрі қолайлы құрылымды құру талпынысы болды. Бүгінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің мүшелігінде 24 мемлекет бар. Олардың аумағы бүкіл құрлықтың шамамен 90 пайызын, ал халық саны - Азия тұрғындарының 90 пайызын құрайды. Сегіз ел және үш халықаралық ұйым, соның ішінде БҰҰ, бұл ұйым байқаушылары мәртебесіне ие. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне Азияда жарым-жартылай болса да географиялық орналасқан мүше ел бола алады.
АҚШ-тан «Waverider» ұшатын аппаратын сынақтан өткізу туралы ақпарат келіп түсті. Бұл аппарат болашақта гипердыбыстық ұшақтарды құру үшін негіз болады деген тұжырым бар. Ол дыбыс жылдамдығынан 6 есе жылдам ұшады. «Боинг» компаниясы жасап шығарған «Waverider» авиациялық снарядқа ұқсас көрінеді. Ал оны қазіргі кезде В-52 бомбалаушы ұшағынан ұшыруға болады екен. Еуропалық және американдық ғалымдар оның базасында дыбыстан жылдам «Concorde» лайнерінің орнын басатын ұшақты жасап шығаруға қауқарлы екендіктерін қарастырып отыр. Ол Лондоннан Нью-Йоркке 3 сағаттың орнына 1 сағаттың ішінде жетеді деген пайымдаулар жасалуда.
АҚШ-та Нью-Йорк және Коннектикут штаттарының бас прокуроры 7 ірі әлемдік банктерге шақыру қағазын жіберді. Олардың ішінде британдық Barclays, HSBC және Шотландияның Корольдік банкі, американдық Citigroup және JP Morgan Chase, немістің Deutsche Bank, сондай-ақ швейцариялық UBS банкі бар. АҚШ билігі базалық пайыздық мөлшерлемемен айлакерлік бойынша тергеу жүргізуде. Егер де банктер тергеушілерге ақпарат беруден бас тартса, оларға соттық қудалау қатері туындауы мүмкін.
Эквадор WikiLeaks-тің негізін қалаған Джулиан Ассанджге саяси баспана беру туралы шешімін жариялады. Айта кетейік, екі айдан бері ол британдық биліктің қудалауынан Лондондағы Эквадордың Елшілігін паналап жүр. Ұлыбритания WikiLeaks-ті құрушы азаматты Швецияға тапсыру туралы өзінің міндетін орындауға бел буып отыр. Шведтік билік өз кезегінде Ассанджді сексуалды тұрғыдағы қылмыстар бойынша айыптаса да, көптеген жұртшылық, яғни оның ішінде журналистің қорғаушылары WikiLeaks-тің негізін қалаушыға қарсы айыптар саяси астарды меңзеп отыр дегенді айтады. Оның қорғаушылары желіде американдық диломаттардың хат алмасуын кеңінен жариялауға байланысты Джулиан Ассанджді қудалап жүр деп топшылауда және оны кейіннен АҚШ-қа тапсыруы мүмкін деп қауіптенуде. Айта кетейік, 2010 жылдың қарашасында WikiLeaks АҚШ-тың Мемлекеттік департаментінің 250 мың құпия құжаттарын жариялауды бастаған еді.