ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Кипр тұрақталып келеді. КХДР соғысқа қамдануда

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Осы аптада халықаралық оқиғалардың дамуы негізінен бұдан бұрын туындаған үрдістермен байланысты өрбіді.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Кипр тұрақталып келеді. КХДР соғысқа қамдануда

Кипрдің тұрақталуы

Апта басында Кипр мен халықаралық кредиторлардың «үштігі» - Еуропалық одақ, Еуропалық Орталық банк және Халықаралық валюта қоры кипрлік экономикаға қолдау көрсету жөніндегі несиелік келісімге қол жеткізді. Оған сәйкес аталған мемлекетке 10 млрд. еуро бөлінеді деп күтілуде. Ол үшін Кипр белгілі бір шаралар бағдарламасын жүргізуі шарт. Бірінші траншты мемлекет ағымдағы жылдың мамырында алады. Несие шарты бойынша, ел экономикасының негізі болған банк жүйесі қысқартылуы тиіс. Бұдан былай Кипр билігі елдің «Bank of Cyprus» және «Laiki Bank» ең ірі екі банкінің активтерін біріктіруге міндетті.

Бұдан бұрын хабарланғанындай, Кипр экономикалық дағдарысы 2012 жылдың жазында басталды. Сол кезде Никосия еуроқұрылымдарға несие беру өтінішімен түскені есімізде. Ол кезде олардың ел экономикасын тұрақтандыруға сұраған қаржысы 17-18 млрд. еуро көлемінде болды. Алайда Брюссель әңгіме тек 10 млрд. еуро турасында ғана болатынын айқын сездірді. Оның өзі бірқатар дағдарысқа қарсы қатаң шараларды атқарған жағдайда ғана берілмек.

Кипр айналасындағы дүрлігіс 2013 жылдың наурыз айында, билік банк салымдарына бір реттік салық салу туралы заң жобасын енгізбек болған кезде басталды. Аталмыш заң жобасы бойынша, Кипрде корпорациядан бастап, қарапайым азаматтардың, соның ішінде шет ел азаматтарының салымдарына да салық салу көзделген. Бұл мәселе нағыз дағдарысқа ұшыратты, аралдағы барлық банк операциялары тоқтатылды. Көптеген талқылаулардан кейін Кипр билігі мүмкін болар шешімдерді жасақтады және сыртқы серіктестеріне тағы жүгінді. Бүгінгі таңда ең даулы мәселе - депозиттер турасындағы сұрақтар шешілген. «Bank of Cyprus» банкінің ірі салымдары (100 мың еуродан жоғары) мен ағымдағы есепшоттардың 60 пайызы алынады. Ал «Laiki Bank» банкінің салымдарынан 80 пайыздан астам қаржы дағдарысқа қарсы шараларға кетпек. Сөз сақтандырылмаған салымдарға қатысты болып отыр. Қалған қаражат (7-8 млрд. еуро) Кипр банктерді қайта құрылымдау барысында алуы тиіс.

Кипрдегі жағдайды реттеу әрекеттері дау-дамайсыз өткен жоқ. Жергілікті БАҚ, Кипр президенті Никос Анастасиадистің туыстарына тиесілі компанияның бірі «Laiki Bank» банкінің жабылуына 3 күн қалған кезде шоттан 21 млн. еуро сыртқа шығарғанын хабарлады. Кейін президент аталған мақала шындыққа жанаспайтындығын және ол президенттің туыстарына жақын адамдарды және оларға тиесілі компанияларды қаралау мақсатында жазылғандығын мәлім етті. Сонымен қатар ол тексеріске барлық қаржылық ұйымдар ілігетінін және ешкім жауапкершіліктен кете алмайтындығын қадап айтты. Оған қоса, белгісіз біреулер кипрлік банктердің қызметі туралы барлық мәліметтерді дағдарыс басталмай тұрып қасақана көзін жойған деген ақпараттар пайда болды.

Биліктің берген деректерге қарағанда, жыл қортындысы бойынша Кипр ЖІӨ деңгейі 13 пайызға дейін құлдырауы мүмкін. Қазіргі уақытта аралда капиталды сыртқа шығаруға тыйым салынған. Бақылаушылардың пікірінше, қабылданған шаралар мектеп және университеттер сынды әлеуметтік нысандарға қатты соққы болмақ. Оған қоса, бұл оқиға ауқымды қарыздары бар еуроаймақ елдеріне де кейін «үлгі» болып, осындай шараларды қолға алатын тағы бір мемлекет шықпасына кім кепіл?! Дегенмен осы аптада Еуропалық Орталық банк басшысы Марио Драги Кипрдің дағдарыстан шығу механизмдері осыған ұқсас жағдайға түсіп қалған өзге елдерде қайталанбайтындығын мәлім етті. Ол қаржы нарығындағы аталмыш топалаңға мемлекет басшылығы кінәлі екендігін айтты.

Әлем назары Пхеньянда

Кәрiс түбегіндегi ахуалдың кезектi өршіген кезі наурызға тұспа-тұс келдi. Оған 1 наурыздан 30 сәуірге дейін жалғасатын АҚШ пен Оңтүстік Кореяның жыл сайынғы «Foal Eagle» кең ауқымды әскери оқу-жаттығуларының өткізілуі түрткі болды.

Пхеньян бұл жаттығуларды елге төнген тікелей қауіп деп бағалап, онда ҚХДР мемлекетіне шабуыл жасау сценарийлері жасақталуда деп атады. Нәтижесінде Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен арадағы шабуыл жасамау жөніндегі келісімнен шығып кетті, сондай-ақ корей түбегінің денуклеаризациясы туралы, яғни ядролық қарусыз аймақ пен мәртебе туралы келісімді жойды. КХДР-дің мемлекеттік БАҚ өкілдері елдің шығыс жағалауында кең ауқымды әскери оқу-жаттығулар өткендігін хабарлауда, ал әскери бөлімдердің дайындығын Ким Чен Ынның өзі тексеріп жүрген көрінеді. Сонымен бірге наурыздың соңында КХДР басшысы Ким Чен Ын АҚШ, Оңтүстік Корея және Тынық мұхитындағы аралдарға соққы беру туралы жоспарға қол қойды. 30 наурызда Солтүстік Корея билігі Оңтүстік Кореямен «соғыс жағдайына» түскетінін мәлімдеді. Көптеген сарапшылар солтүстіккорейлік басшылықтың бұл әрекеттерін «қару жарқырату» деп бағалап отыр. Халықаралық қауымдастыққа ақпараттық тұрғыда барлығы тым қарабайыр түрде жеткізілді және көбіне ішкі үгіт-насихат пен «өзін-өзі жарнамалау» үшін жасалынған дүниеге ұқсас. Бұл аптада Солтүстік Корея барлық атом нысандарын, соның ішінде 2007 жылы Йонбенде жабылған ядролық реакторды қайта іске қосатындығын мәлімдеді. Атом нысандары электр энергиясын шығаруға ғана емес, әскери мақсаттарға да пайдаланылмақ. Жұма күні КХДР Сыртқы істер министрлігі барлық шетел елшіліктері мен дипмиссияларға Корей түбегіндегі ахуалдың ушығып кетуіне орай, мемлекеттен өздерінің қызметкерлерін шығаруын ұсынды. 10 сәуірден кейін олардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмейді делінген. Бірақ неліктен дәл осы күн таңдалғаны белгісіз. КХДР-да аккредиттелген Еуропалық кеңес мемлекеттерінің елшілері аталмыш ұсынысқа байланысты бүгін,сенбіде бірлескен шараларды атқару жайын пысықтамақ. Қалған елшіліктер әзірше қалыпты режимде жұмыс жасауда. Оған қоса, КХДР елдің шығыс жағалауына жақын тұсқа орташа радиустағы «Мусудан» баллистикалық зымырандарын орнатты. Сарапшылардың айтуынша, бұл қарулар 3-4 мың шақырым қашықтағы нысандарды жоя алады және тек Жапониядағы емес, АҚШ-тың Гуам аралына дейін жете алады. Теория бойынша, КХДР-дің 10 мың шақырым қашықтықты бағындыра алатын жойғыш зымырандары бар деген пікір бар. Алайда оның бар-жоғы нақты анық емес. Мамандар Пхеньян ойластырып жатқан жоспар жайлы тек жорамалдап қана жағдайды бағалай алады. Дегенмен олардың дені қазіргі уақыттағы сыртқы саяси ахуал жағдайында ядролық қауіп әлдеқайда жоғары деген сенімде.