ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Мұнай бағасының төмендеуі және ЕО-дағы проблемалар - жаһандық дағдарыстың хабаршысы
МӘСКЕУ. 23 маусым. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан аптада ең өзекті мәселелердің арасында әлемдік экономикадағы жағдайдың перспективалары және еуроаймақтағы ахуал белсенді талқыланды.
Еуроаймақ пен ЕО елдерінің экономикасындағы жалпы трендтердың оң бағытқа ойысуы жағынан мақтанарлықтай болмай тұр. Соңғы күндері негізгі үміттер Грекияда жексенбі күні, 17 маусымда өткен парламенттік қайта сайлау қорытындыларымен байланыстырылды. Ол Афинының бірыңғай еуропалық валюта аймағына одан әрі қарай мүшелігіне қатысты референдум іспетті болды. Дауыс беру нәтижесінде аздаған басымдықпен «Жаңа демократия» партиясының мүддесін білдіретін оңшыл орташылдар (оны жақтаушылар ұлттық шығындарды қысқарту жөніндегі ЕО құрылымдарының қатаң ұсынбаларына құлақ түруге шақырады) жеңіске жеткенін ескерер болсақ, еураймақтағы жағдай аздап тұрақтанғандай болды және бұдан бұрын нарықтың құлдырауы болуы мүмкін деген болжамдар ақталған жоқ.
Алайда талдамашылар Грекияның жаңа үкіметі елеулі нәтижелерге қол жеткізеді дегенге толық сене алмай отыр, өйткені, әдетте кредиторлардың талаптарын орындауда Афины үнемі кестеден кейін қалып келеді, ал қоғамның елеулі бөлігі белдікті тарта байлауға қарсы пиғылда.
Дегенмен бірден-бір проблемалы түйін Грекия ғана емес - ЕО-дағы ахуалға ұлттық экономикадағы жетіспеушілікті жабуда елеулі қиындықтарға душар болып отырған Испанияға қатысты сенімсіздік болжамдары да кері әсер етуде. Маусымның ортасында осы елдің үкіметі әлеуметтік қысқартулар есебінен бюджет жетімсіздігін төмендету жөніндегі ХВҚ-ның ұсынбаларын шұғыл орындаудан бас тартты. Экономистердің бағалауынша, мұндай қадамдар грек проблемасының кебін киюге соқтырып, ЕО-дағы қаржы сілкіністерінің жаңа толқынын тудыруы ықтимал.
Жалғыз ғана жұбаныш еуроаймақтың қазіргі көшбасшылары еуро жүйесінен бастартпақ емес және валюталық одақты сақтап қалу үшін бар күш-жігерін салуға әзір. 28-29 маусым күндері Брюссельде ЕО-ның кезекті саммиті өтпек, онда бірқатар жаңа идеялар ортаға салынбақшы. ЕО елдері ІЖӨ-нің бір пайызы көлемінде (130 млрд. еуроға жуық) қаржыны Еуропаның экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бөлу, сондай-ақ банк транзакциясына салық енгізу мәселелерін қарауды жоспарлауда.
Осы аптада Халықаралық валюта қоры еуропалық борыш дағдарысы және дамыған елдердегі шектен тыс монетарлық қатаң шаралар салдарынан әлемдік экономика тәуекелдерге тап болатынын ескертті. Қордың атап өтуінше, әлемдік экономикалық өсім баяулай түсуде, ал Еуропадағы жалғасып отырған борыш дағдарысы бүкіл әлемдегі қаржы тұрақтылығына елеулі қауіп туғызуда.
Келеңсіз факторларды есепке ала отырып, ХВҚ дамушы экономикаларға ішкі сұранысқа шоғырланып, ішкі нарықтағы проблемлармен айналысуды, ал әлемдік экономикалық көшбасшыларға нақты ұжымдық іс-қимылға көшуді ұсынды.
Талдамашылардың бағалауынша, нақ осы көшбасшы елдердің бірлескен іс-қимылы неғұрлым орнықты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл үшін дамушы елдердің экономикасы негізгі серпін болмақ, сондықтан да қазірдің өзінде оларға баса назар аудару қажет.
Әсіресе әлемдік нарықтардағы мұнай құны өзгерістерінің толқуы ерекше ынта туғызуда. Осы жылғы наурыз айында ғана қара алтынның орташа бағасы 40 АҚШ долларына дерлік төмендеп, маусым айында 90 АҚШ долларынан төмен деңгейге жетті. Осы аптада ICE электронды тауар биржасында Brent мұнайының ресми бағасы 88,49 АҚШ долларына дейін құлап, 2010 жылғы желтоқсандағы ең төменгі деңгейге жетті. Нью-Йорктегі тауар биржасында Light Sweet маркалы мұнайының баррелі 78,17 АҚШ долларына дейінгі төменгі деңгейге арзандады.
Нарықтар мәліметтері бойынша, бағаның құлауы АҚШ-та энергия көздерінің қоры 22 жыл ішіндегі ең жоғары шегіне ұлғаюы туралы мәліметпен, сондай-ақ АҚШ Федералдық резерв жүйесінің төмендеуі жағдайында Штаттар экономикасының өсуі болжамымен байланысты. Бұдан басқа, бұл төмендеу Еуропадағы, Қытай мен АҚШ-тағы статистикалық мәліметтердің әлсіз болуынан да болып отыр, бұл шикізат активтері салымдарына қызығушылық төмендеп, сонымен қатар долларға сұраныстың артуына соқтыруы мүмкін.
Бұл жағдайда көптеген жетекші сарапшылар мұнай бағасының барреліне 60 АҚШ долларына дейін құлау мүмкіндігі туралы елеулі алаңдаушылық білдіруде, ал оның салдары жаһандық дағдарыстың екінші толқыны басталуына әкеп соқтырмақ. Олардың айтуынша, бұл болжам бірқатар жағдайларда ықтимал, атап айтқанда: а) егер Испанияда борыш дағдарысы одан әрі өрістей түссе; ә) Грекияда тұрақтылық болмай, еуроаймақтан шығатын болса.
Қазір мұнай экспорттаушы елдер үкіметтері шикізат сатылымының болашақ түсімдеріне асығыс түзету енгізуге мәжбүр болып отыр, сондай-ақ әртүрлі тұрақтандыру шаралары да қолға алынуы мүмкін. Алайда экономиканың шұғыл құлдырауынан кейін өсімнің шұғыл көтерілуі оңай емес екенін ескеру қажет, сондықтан да экономиканы құтқаруға салынған резервтерді өте абайлап пайдалану керек, деген уәж айтады талдамашылар.