ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Мысыр дағдарысы - ел азаматтық соғыс алдында
АСТАНА. 17 тамыз. ҚазАқпарат - Осы апта ішіндегі халықаралық тыныс-тіршіліктегі ахуал Таяу Шығыстан дүркін-дүркін жеткен жан түршігерлік оқиғалармен есте қалары анық. Сәрсенбі күні Мысырда зорлық-зомбылыққа толы қақтығыстар тағы да басталды. Тәртіпсіздіктер отқа май құйғандай лап ете түсті.
14-і күні ішкі істер министрлігінің отряды армияның бөлімшелерімен бірлесіп, тақтан тайған бұрынғы президент Мұхаммед Мурсидің жақтастарын шатырлы лагерлерден қудалай бастады. Соның салдарынан туындаған тәртіпсіздіктерден, полициямен болған қақтығыстан 450-ден астам адам көз жұмып, мыңдаған адам жарақат алды. Дәл осы күні Мысыр үкімет елде 1 айға төтенше жағдай енгізіп, коменданттық сағат белгіледі. Ел астанасы Каирде тұтанған қақтығыстар басқа провинцияларды да шарпыды. Қақтығыстар барысында шеруге шыққандар да, ІІМ күш құрылымдары да қару қолданды деген хабар да тарады.
Көпшілік үшін Мурси көшбасшы болып қала бермек
Мысырдың саяси күштері арасында туындап отырған бұл жанжал өткен жылдың маусым айында, Мұхаммед Мурсидің президенттік қызметіне кіріскеніне 1 жыл толғанда туындаған болатын. Сол кезде Ұлттық құтқару майданы бастаған оппозиция өз жақтастарын елдің бірнеше қаласында алаңға шығарған еді.
Олар Мурсиді билікті «Мұсылман бауырлардың» ығына жығып берді, ал ел болса атам заманғы исламдық мемлекетке айналып келеді деп айыптаған-ды. Оппозиция тарабының сыны Мурсидің сайлауалды уәдесінің орындамауына әрі елді тиімсіз басқаруына қатысты да тағылды.
Шілде айында елдегі ахуалға Хосни Мубарак тақтан тайдырылған кезден бері саяси өмірдің көлеңкесінде қалып кете жатқан әскерилер араласты. Нәтижесінде Мурси биліктен аластатылып, сәл кейінірек тұтқынға алынды.
Тергеу амалдарының алдын ала мәліметтеріне қарағанда, ол 2012 жылы өзінің жақтастарымен бірге экстремистермен ымыраға келген. Ал олар «Мұсылман баурылар» қозғалысының бірқатар көшбасшысы қамауда отырған «Вади эль Натрун» түрмесіне шабуыл ұйымдастырған. Бұдан бөлек, Мурсиге экономикалық баптар бойынша қылмыстарға қатысы бар деген күдік келтірілуде.
Мурси жақтастары сол кезден бері Каир алаңдарында шатырлы қалашық тұрғызып алып, наразылық танытуда. Сөз сөйлеушілерге арнайы мінбер де әзірленген. Шабуыл жасалуы мүмкін деген ақпарат тарағаннан кейін шерушілер шеп құрып, противогазбен, таспен қарулана бастады.
Міне, осыншама қуатты жақтастарының барлығына қарамастан билік бейсенбі күні Мурсидің тұтқында болу мерзімін тағы да 30 тәулікке ұзартты.
Әлемдік қоғамдастық әзірше сырттай бақылауда
Халықаралық қоғамдастық Мысыр билігін қала көшелерінде тәртіпті қалпына келтіріп, бейбіт тұрғындар арасында тағы да адам өлімін болдырмау үшін қызмет етуге шақыруда. Айта кетерлігі, Мысырда төтенше жағдай режімі енгізілгеннен кейін АҚШ мұндай шешімге қарсы екендігін бірден білдірген болатын. Бейсенбі күні АҚШ Президенті Барак Обама қақтығысқа қатысушы екі тараптың да іс-әрекетіне кінә тағатындығын ашық айтты.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл өткізілген кеңесінің нәтижесінде Мысырдағы жанжал тоқтатылуы, ал тараптар зорлық-зомбылықтан барынша тыйылуы керектігі туралы қорытынды шығарылды. Кезекті кездесу Франция, Ұлыбритания және Австралияның талап етумен өткізілген болатын. Кеңестің өткізілуіне Түркия Премьер-Министрі Тайып Ердоған да мұрындық болды. БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің атап өтуінше, зорлық-зомбылыққа тыйым салу қажеттігіне әрі ұлтты татуластыруға септесуге орай ортақ түсінік бар. Дегенмен кеңес елдегі жағдайды реттеудің нақты шараларын атап отырған жоқ.
Бұл күндері бірқатар елдер Каирдегі елшіліктерін жапты немесе төтенше режімге көшірді. Мәселен, Канада дипломатиялық өкілдігін уақытша жапса, Түркия өз елшісін ақылдасу үшін шақырып алды.
Мурси жақтастары мен құқық қорғау күш-құрылымдары арасындағы қақтығыстар жұма күні де жалғасты. Айта кетерлігі, исламшылар бұл күнді «ашу-ыза жұмасы» деп атап, өз жақтастарын «миллиондар шеруіне» шығуға шақырған болатын. Кешегі күнгі қақтығыстар барысында 90-нан астам адам қаза тапты.
«Мұсылман бауырлар» әскери режімді құлатуға күш салатындықтарын, әрі оған қол жеткізетіндіктерін мәлімдеп отыр. Ал уақытша билік болса, олардың елдегі ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған кез келген әрекеттерін басып-жаншуға дайын екендіктерін білдіруде.
Елдегі ахуалдың бұдан әрі қалай өрбитіндігін болжап білу мүмкін емес. Өйткені, әскерилерді де, исламшыларды да қолдайтындардың қарасыны өте мол.