ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Мысыр мен Кениядағы лаңкестік жүздеген адамның өмірін жалмады

«Дальний Восток» траулері апатқа ұшырады
2 сәуір күні Охот теңізінде «Дальний Восток» траулері апатқа ұшырады. Кеме бортында 132 адам болған. Олардың қатарында Ресей, Мьянма, Вануату, Украина және Латвия азаматтары бар. Бүгінгі күні 56 адамның қаза тапқаны белгілі, теңізшілердің басым бөлігі суықтан үсіп өлген. Экипаждың 63 мүшесі ғана тірі қалды, олардың 7-еуінің жағдайы өте ауыр. Тағы 13 адамның тағдыры беймәлім, қазіргі уақытта оларды іздеу жұмыстары жүргізілуде.
Іздеу жұмысын 2 мыңнан астам құтқарушы және 100-ден астам түрлі техника жұмылдырылған. Әуе және теңіз кемелері теңіздің 9 мың шаршы метрге жуық аумағын шолып шықты. Тірі қалған теңізшілердің айтуынша, кеме суға бірден батып кеткен. Сол себепті кеменің апатқа ұшырағандығы жайында дабыл беріліп үлгермеген. Тергеу амалдары апаттың 2 негізгі себебіне ден қоюда. Оның біріне сәйкес, кеме мұзбен соқтығысуы мүмкін. Бұдан бөлек, ауланған балықты кемеге көтеріп салу барысындағы қауіпсіздік ережесінің сақталмауы да траулердің аударылуына түрткі болуы ықтимал.
Құтқарушылар 3 сәуір күні тірі қалған теңізшілерді ең жақын Сахалин портына бағыт ұстанған «Андромеда» кемесіне отырғызған. Жағдайлары өте ауыр дегендерді тікұшақпен Магадан қаласындағы ауруханаға жөнелткен. Күшті жел іздестіру жұмыстарына елеулі кедергі келтіруде.
Соңғы ақпараттарға қарағанда, жоғалған 13 теңізшінің мүрдесі кеме ішінде болуы мүмкін. Егер бұл жайт нақтыланатын болса, онда кемені судан көтеріп шығаруға тура келеді. Траулер апатқа ұшыраған аймақтағы Охот теңізінің тереңдігі шамамен 200 метрден асып жығылады. Ал сүңгуірлер 90 метрлік тереңдікке ғана бойлай алады. Бұған қоса, олардың 60 метрлік тереңдікте ғана жұмыс істеуге мүмкіндіктері бар. Қазіргі уақытқа дейін штаттық кестеге сай 94 адамның орнына неліктен 132 теңізшінің болғандығы беймәлім. Ресей теңізшілері кәсіподағы Қиыр Шығыс өңірлік ұйымының төрағасы Николай Сухановтың пікірінше, суға батқан «Дальний Восток» траулеріндегі шетелдік азаматтар заңсыз жұмыс істеуі мүмкін.
«Дальний Восток» траулері 1989 жылы жасалған. Ұзындығы 104,5 метр, ені 16 метр, су сыйымдылығы 5715 тонна, ең жоғары жылдамдығы 16,1 узл.
Мысыр мен Кениядағы лаңкестік
Бейсенбі күні исламшыл содырлар Синай түбегінің солтүстігіндегі бақылау-өткізу бекетінде кезекшілігін атқарып жүрген Мысыр армиясының шолғыншыларына шабуыл жасады. Содырлар автоматтан және гранатометтен шолғыншыларға қарата оқ жаудырды. Мысыр әскери қызметшілері де қарап қалған жоқ, олар да қару қолданды. Лаңкестік акт салдарынан 15 мысырлық әскери қызметші, 2 бейбіт адам қаза тауып, 19 адам жарақат алды. Мысыр шолғыншылары да кемінде 15 содырдың көзін жойды. Ресми Каир бұл лаңкестік әрекетті «Ансар Бейт аль-Макдис» тобының содырлары жасағандығын айтуда.
Дәл осы «Аш-Шабаб» тобының содырлары Кенияның Гарисс қаласындағы «Garissa University College» университеті ғимаратына басып кіріп, студенттерге қарата оқ жаудырып, соңынан оларды кепілге алды. Шабуыл кезінде университет ғимаратында кемінде 700 студент болған, олардың шамамен 80-і қашып құтыла алды.
Аман қалған студенттердің бірінің айтуынша, лаңкестер Құранды жатқа айтуға талап еткен. Ал білмегендерді бірден атып тастаған. Студенттер кепілге алынғаннан кейін бірнеше сағаттан соң арнайы жасақ қызметтері ғимаратқа басып кірді. Кейбір БАҚ-тардың ақпаратына қарағанда, 4 лаңкес қауіпсіздік қызметі өкілдері ғимаратқа басып кіргенде өздерін жарып жіберген. Лаңкестік салдарынан 147 студент, 2 әскери қызметші қаза тапты. 70-тен астам адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.
Дәрігерлердің айтуынша, қаза тапқандар қатары арта түсуі мүмкін. Өйткені, ауруханаға түскен адамдардың кейбірінің халі өте ауыр. Кения құқық қорғау органдары мәліметтеріне сәйкес, шабуылды ұйымдастырған - Мұхаммед Мұхаммуд. Билік аталған адам жайында ақпарат бергендерге 215 мың доллар көлемінде сыйақы тағайындап отыр.