ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Мысыр төңкерісінің бір жылдығы - саяси тұрақсыздық жаңғырығы

АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат - Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық тыныс-тіршіліктің саяси маңызы бар оқиғалары қатарында Мысырдағы тәртіпсіздіктердің одан әрі жалғасуын атап өтуге болады.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Мысыр төңкерісінің бір жылдығы - саяси тұрақсыздық жаңғырығы

Өткен аптаның соңында египет төңкерісінің екі жылдығына орай Мысырдың бірқатар қалаларында басталған жаппай іс-қимылдар үкіметке қарсы жаңа толқулардың себеп-салдарына айналып шыға келді. Бұған қоса, бір жыл бұрын шамамен 50 адам қаза тапқан Порт-Саид стадионындағы жанкүйерлер арасындағы жаппай төбелеске кінәлі деп танылған 21 адамға 26 қаңтар күні өлім жазасының кесілуі де онсыз да шатқаяқтап тұрған жағдайды одан әрі ушықтырып жіберді.

Каирдегі тәртіпсіздіктер бір топ жастардың египеттік парламент пен үкімет ғимаратына жақындауға тырысуынан басталып кетті. Полиция шебімен бетпе-бет келген жастар қызуқандылыққа салынып, ғимараттар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тас пен темір арматуралар лақтырса, оларға жауап ретінде күш құрылымдар көзден жас ағызатын газ қолданды.

Бұл күндері барынша қауіпті қақтығыстар Каир, Порт-Саид, Александрия, Суэц және Исмаилия шаһарларында орын алды. Ал ауқымды тәртіпсіздік ел астанасындағы Тахрир алаңына тақау тұстағы президенттік сарай төңірегінде байқалды.

Порт-Саидта жергілікті «Аль-Масри» футбол клубының радикалды жанкүйерлері өткен жылғы стадионда орын алған тәртіпсіздіктерге кінәлі деп танылып, өлім жазасына кесілгендер қамауда отырған қалалық түрмені басып алуға тырысты. Басқа қалаларда да радикалды жастар топтары, анархистер мен футбол фанаттары елдегі ахуалды одан сайын ушықтырып, ереуілді зор қауіпті күшке айналдырды. Айта кетерлігі, Мысырда орын алған дүрбелеңнің бірнеше күнінде 50-ден астам адам қаза тауып, мыңнан астамы жарақат алды.

Қақтығыстың алғашқы күнінде билік бірқатар қалаларда қауіпсіздік шаралары ретінде әскери бөлімшелерді шоғырландырған болатын, бірақ бұл да ахуалдың өзгеруіне еш септігін тигізе алар емес. Өткен жексенбіде ел президенті Мұхаммед Мурси Порт-Саид пен Исмаилия провинцияларында түнгі уақытта команданттық сағат енгізді. Ол елдің саяси күштерін орын алып отырған жағдайдан шығу жолдарын табу үшін сұхбаттастыққа да шақыруда.

Дегенмен Мысырдың негізгі оппозициялық коалициясы - Ұлттық құтқару майданы ел президентімен диалог жүргізуден бас тартып қана қоймай бірқатар талаптарын алға шығарып, ол сақталған жағдайда ғана билікпен келіссөздер үстеліне отыратындықтарын айтып отыр. Жалпы, оппозиционерлер М.Мурсиге Порт-Саидтегі тәртіпсіздіктердің жауапкершілігін мойнына алуға шақыруда.

Еуропалық одақтың жоғары өкілі Кэтрин Эштон Мысыр билігін осынау демократияға көшу барысындағы шетін кезеңде ел мүддесі үшін тәртіп пен тыныштықты қалпына келтіруге шақыруда. Дәл осындай үндеулер басқа да елдер мен халықаралық ұйымдар тарабынан келіп түсуде.

Жұма, 1 ақпан күні Мысырдың ықпалды саяси күштері зорлық-зомбылық пен диалог жүргізуден бас тарту қарастырылған құжатқа қол қойды. Оның қабылдануына теологиялық орталық пен «Аль-Азхар» университеті бастамашы болды. Осыдан кейін Мысырдағы наразылықтар мен зорлық-зомбылық толқыны бесеңдейді деп күтілуде.

Тәртіпсіздіктердің жалғасуы, әрі оны тұқырту үшін билік тарабы қолданатын іс-қимылдар ел президенті Мурсидің ықтимал отставкасы жайында әңгіме шығуына тағы да себеп болуда. Бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, қақтығыстар барысында суық қарудан қаза тапқандар да болған. Бұл жаппай ереуілдердің қайталануына сылтау болуы бек мүмкін. Дегенмен де бүгінгі жағдайда мемлекет басшысының әлі де болса билікті ұстап тұруға мүмкіншілігі бар деп сеніммен айтуға болады. Ол Мысыр халқының басым бөлігінің қолдауына ие әрі Батыс та, араб елдері де өздерінің әріптестерін «сатып кетуге» әлі де болса дайын емес.

Бірақ та Мысырдағы саяси дағдарыстың осылайша жалғаса беруі мемлекеттік күйреуіне әрі осыдан екі жыл бұрынғы жайттың қайта қайталану мүмкіндігіне әкеліп соқтыратындығын да жоққа шығаруға болмайды. Олай болған жағдайда египет билігінің оппозиция акцияларына қарсы іс-қимылдары мәселесі мен қоғамның өсіп келе жатқан қажеттілігіне сайма-сай жауап бере алмауы басты проблемаға айналмақ. Жалпы Египетте орын алып отырған экономикалық және әлеуметтік проблемаларды ескерер болсақ , оппозициялық әрі радикалды топтардың тәртіпсіздігі таяу болашақта елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына зор қауіп төндірері анық.