ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Пальмира лаңкестерден азат етілді

Ежелгі Пальмира азат етілді
Өткен жексенбіде Сирияның үкіметтік әскері ресейлік авиацияның қолдау көрсетуімен «ДАИШ» лаңкестік тобының содырларын Пальмира қаласынан түбегейлі қуып шықты.
Пальмираның азат етілуі Ресейлік әуе күштерінің бомбалауды бастаған сәтінен бергі сириялық армияның ең ірі жеңісі. Өйткені, қала мәдени мұра орталығы болуымен қатар елдің дәл ортасында орналасқан маңызды стратегиялық бекініс десек те болады.
Пальмираны азат ету операциясы бірнеше күнге созылды. 24 наурыз күні үкіметтік жасақ қалаға басып кіріп, археологиялық ескерткіштер орналасқан шаһардың тарихи бөлігінде қиян-кескі ұрыстар жүргізілді. Сенбі күні таңертең үкіметтік әскер ежелгі қалаға дендей кіріп, түс ауа Пальмираның солтүстік орамына бекінген лаңкестердің негізгі күшінің көзін жойды.
Ал жексенбі күні сириялық әскери қызметшілер қаланы тазалау жұмыстарына кірісіп кетті. Алайда, бас сауғалай қашқан лаңкестер тегін кетпей, көшелер мен үйлерге бомба қойып кеткендіктері белгілі болды. Осыдан кейін сириялық саперлер бірден жолдар мен үйлердегі бомбаларды залалсыздандыру жұмыстарына кірісті.
Ресей Президенті Владимир Путин сириялық әріптесі Башар Асад пен ЮНЕСКО басшысы Ирина Боковамен телефон арқылы әңгімелесу барысында Пальмираның азат етілуімен құттықтап, ресейлік саперлердің де қаланы бомбадан тазалау жұмыстарына бірден кірісетіндігін айтты.
Ал Ирина Бокова Сирия көне ескерткіштер және музейлер департаментінің директоры Манун Абдель Кериммен телефон арқылы сөйлесуі кезінде ЮНЕСКО-ның сәулет ескерткіштерін қалпына келтіруге қажетті қолдау көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді.
ЮНЕСКО басшысы сонымен бірге сәуір айының соңында Парижге сарапшылардың басын қосып, Пальмираны қалпына келтірумен байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі талқылауға ниетті екендігін жеткізді.
Пальмира азат етілгеннен кейін сарапшылар қалаға келтірілген шығынды алдын ала зерделеу жұмыстарына кірісіп те кеткен еді. Мамандар көздері көрген жайттарға барынша қатты күйзелгендерін айтуда. Дегенмен, ескерткіштерді зерделеу мәдениет қайраткерлері күткен ең қауіпті жайттардан ада екендігі қуантады.
Сирия көне ескерткіштер және музейлер департаментінің мәліметтеріне сәйкес, ең танымал екі ғибадатхананы қоса алғандағы Пальмираны ең атақты ескерткіштері қатты бүлінген. Алайда, ежелгі нысандардың басым бөлігінің бүлінуі айтарлықтай емес десек те болады.
Сарапшылардың атап өтулеріне қарағанда, Пальмираны бомбадан залалсыздандыру жұмыстары кемінде 3 айға ұласады. Ал қаланы және оның тарихи ескерткіштерін қалпына келтіру ондаған жылға созылуы ықтимал.
Айта кетерлігі, «ДАИШ» лаңкестік тобының содырлары 2015 жылдың 21 мамыры күні Пальмира қаласын басып алған болатын. Осыдан кейін сириялық құқық қорғаушылар лаңкестердің ежелгі ескерткіштердің маңайына мина мен жарылғыш заттар қойып, бірегей ескерткіштерді талқандауға кіріскендерін мәлімдеген еді.
Лахордағы қантөгіс
Сирия армиясы жеңіс тойын тойлап жатқан сәтте Пәкістанның Пенджаб өлкесінің астанасы Лахор қаласындағы Гульшан-и-Икбал саябағының балалар секциясында жанкешті лаңкес жарылғыш құрылғыны іске қосты. Куәгерлердің айтуынша, жарылыс балалар аттракционынан бірнеше метр жерде орын алған. Дәл осы сәтте саябақта балалы отбасылар өте көп болатын. Өйткені, бұл күні Пәкістан христиандары Пасха мерекесін тойлап жатқан еді.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, лаңкестік салдарынан 300-ден астам адам зардап шексе, қаза тапқандардың саны 74 адамға жетіп отыр. Олардың басым бөлігі - балалар мен әйелдер. Дегенмен, бұл қаза тапқандар туралы соңғы мәліметтер емес. Себебі жағдайы өте ауыр бірнеше ондаған адам ауруханада жатыр.
Лаңкестік жауапкершілігін 2014 жылдың тамызында «Пәкістан тәлібтері қозғалысынан» бөлініп шыққан «Джамаат-уль-Ахрар» тобы өз мойындарына алып отыр.
Лаңкестік орын алғаннан кейін ел премьер-министрі Мухаммад Наваз Шариф Ұлыбританияға, одан әрі Құрама Штаттарға сапарынан бас тартты. Ол 31 наурыз бен 1 сәуір аралығында Вашингтонда өтетін ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысуы тиіс болатын.
Лахордағы лаңкестікке байланысты Пәкістан азаматтарына әлем көшбасшыларының басым бөлігі көңіл айтты. Олардың қатарында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та Пәкістан Ислам Республикасының Президенті Мамнун Хусейнге көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатта көптеген жазықсыз адамдардың қаза болғаны және зардап шеккені туралы қайғылы хабарды Қазақстан Президентінің зор күйзеліспен қабылдағаны атап өтілген. Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың басым көпшілігі әйелдер мен балалар екенін, бұл жағдайдың ешкімді бей-жай қалдырмағанын айтты.
«Қазақстан бүкіл әлемдегі қауіпсіздік пен бейбітшілікке зор қатер төндіріп отырған халықаралық экстремизм мен терроризм әрекеттерін үзілді-кесілді айыптайды. Лахордағы жантүршігерлік оқиға қатыгез радикалды топтар мен олардың идеологиясына өркениетті қоғамда орын жоқ екеніне тағы да көз жеткізді», - делінген жеделхатта.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қаза болғандардың отбасылары мен туған-туыстарына, сондай-ақ барша Пәкістан халқына жеке өзінің және Қазақстан халқының атынан көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестігін білдірді.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун де бұл лаңкестік актіні қатаң айыптады. Оның баспасөз хатшысы таратқан мәлімдемеде: «Үкіметті елде тұрып жатқан діни азшылық өкілдерімен бірге ел халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қабылдауға шақыратындығы» айтылған.
Полиция жарылыс орнынан болжамды лаңкестік мүрдесінің қалдықтарын тапты. Лаңкес Гулама Фаридтің 28 жастағы ұлы Юсуф екендігі белгілі. Билік мәліметтеріне сәйкес, Юсуф діни білім алған, ал жарылысқа дейін ұзақ уақыт бойы Лахордағы діни училищеде сабақ берген.
Полицияның лаңкестікке қарсы департаменті арнайы рейд жүргізіп, оның барысында лаңкестікке қатысы бар 15 күдікті ұсталды. Олардың қатарында Юсуфтің 3 ағасы да бар.
Айта кетейік, осы жылдың ішінде Пәкістанда бірнеше лаңкестік орын алды. Есте болса, наурыз айының басында Пешаварда жанкешті лаңкес сот залында өзін өзі жарып жіберген болатын. Сондай-ақ Пешаварда мемлекеттік қызметшілерді таситын автобус та жарылған еді.