ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сирияда журналистер жоғалып жатыр

АСТАНА. 25 тамыз. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қытайдың сегіз қаласында қытайлық-жапондық қарым-қатынастар шиеленісіп, Шығыс Қытай теңізіндегі даулы аумақтар үшін жапониялықтарға қарсы шерулер өтті.

ӘЛЕМ АПТА ІШІНДЕ: Сирияда журналистер жоғалып жатыр

Шэньчжэньде шамамен жиырма мың адам қатысқан жаппай наразылық акциясы өтті. Шерушілер жапондық мейрамханаларды бүлдіріп, жапондық көліктерді аударып тастады. Қытайдың басқа қалаларындағы шерулер бұған қарағанда бейбіт түрде өтті. Бейжіңдегі жапон елшілігі мен консулдығының күзеті күшейтілді. Қытайлық БАҚ-тың хабарламасы бойынша, Гуанджоу қаласында 500-ге жуық шеруші Жапонияның Бас консулдығы ғимаратының қасында жиналып, мұнда жапон туын өртеп жіберді, жапон үкіметінен кешірім сұрауды талап етті. Қытайдағы наразылық шараларының себебі жексенбі, 19 тамыз күні таңертең он жапондық белсендінің Дяоюйдао (жапондық атауы - Сенкаку) даулы архипелагына келіп түсуі болды. Парламентаршілерді қосқанда Дяоюйдао аралдарының қасындағы акваторияға 150 жапондық азамат жиналды. ҚХР СІМ-нің ресми өкілі Цинь Ганн Жапонияның құқықтық белсенділерінің заңсыз әрекеттері Қытайдың аумақтық егемендігін бұзғанын атап өтті. «Жапондық тарап жалпы алғанда қытайлық-жапондық қарым-қатынастарға зиян келтірмеуі  үшін тиісінше реттеуі тиіс», - деп мәлімдеді қытайлық дипломат. Жексенбіде жапондық Елші Қытайдың билік көздерін оның отандастарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

Бұдан бөлек, компьютерлер, смартфон және бағдарламалық қамтамасыз етуді шығаратын американдық Apple компаниясы адамзат тарихында ең қымбат компания болып танылды. Нью-Йоркте 20 тамызда өткен саудада компания акциясы  665 млрд. АҚШ долларына бағаланды. Жалпы өткен жылы оның акцияларының құны 30 пайызға артқан көрінеді. Компанияның жалпы құны 623 млрд. долларды құрайды екен.

Осы аптада Сирияда қақтығыстар жалғасты. Сейсенбіде бұл мемлекетте жапондық журналист қаза болды, сондай-ақ араб репортерлері жоғалды. Сонымен қатар, жоғалғандардың қатарында өткен аптадан бері түркиялық және ливандық журналистер бар және америкалық бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін араб репортері табылмай жатыр.

Айта кетейік, Сирия әскери әуе күштерінің жауынгерлік ұшақтары бұлтарыс жасау кезінде Ирактың кеңістігіне өтіп кеткен. БҰҰ бағамы бойынша, азаматтық соғыстан көршілес елдерге қашқан сириялықтардың жалпы саны 200 000 адамнан асты. Сириялық  босқындардың үштен бір бөлігін Түркия қабылдап жатыр. Ондаған мың адам Ливанға, Иорданияға және Иракқа өтіп кеткен көрінеді. Тек соңғы аптада елден 30 мыңға жуық сириялық қашқан.  Ал бір жарым миллионға тарта азаматтар Сирияның қауіпті өңірлерінен елдің тыныштау аймақтарына көшкен.

Атап айтқанда, енді қаржылық дағдарыс мәселесіне тоқталатын болсақ, Грекия үкіметі елін дағдарыстан шығару үшін ұлттық аумақтың бөлігін сату мүмкіндігін қарастыруда.

Бұл туралы Францияның Le Monde газетіне берген сұхбатында Грекияның Премьер-министрі Антонис Самарас мәлімдеді. Грекиялық үкімет басшысының алға қойған талаптарының бірі - жердің сатылуы мемлекет қауіпсіздігіне қауіп төндірмеуі тиіс.

РБК агенттігінің хабарлауынша, 2010 жылдан бері әлемдік БАҚ-та Грекияның өз  иелігіндегі елсіз аралдарды сатуға шығару мүмкіндігі талқылануда, алайда бұған дейін Афина мұндай ақпаратты ашумен қабылдап, жоққа шығарып келген болатын.

Ресей ДСҰ-ға енді. Сауда бойынша еурокомиссар Карел де Гюхтің пікірінше, РФ-тің әлемдік экономикаға ары қарай ықпалдасуында маңызды қадам болып табылады. Еурокомиссияның мәліметі бойынша, Ресейдің ДСҰ-ға кіруінен кейін тарифтерді жалпы төмендету Еуроодақ экспортшылары үшін импорттық баж салығын жылына 2,5 млрд. еуроға үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ тарифтердің төмендеуі РФ-ға Еуроодақ елдерінің жылына  3,9 млрд. еуроға қосымша экспортын ынталандыруы ықтимал.

Мұнымен қоса, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун 29 тамыз - Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне орай Үндеу жолдады.  Биылғы жылы Ұйымның Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт (ЯСЖТШ) жөніндегі Дайындық комиссиясы құ­рыл­ғанының 15 жылдығы атап өтіледі.

Комиссия негізі қаланған күннен бастап өзінің жұмыс үдерістерінде көптеген саяси және тәжірибелік қиындықтарды еңсеру арқылы әлемдік бақылауды жүзеге асыру бойынша ауқымды көпжақты режімді қалыптастырды.

Бүгінде Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарттың басты мақсаты - бүкіләлемдік дерлік қолдауға ие болған ядролық сынақтардың кез келген түрін жасауға тұрақты бақылау орнатуды қамтамасыз ету. Бірақ ядролық әлеуетке ие 44 елдің 8-і күшіне енуі тиіс ЯСЖТШ-ны әлі күнге дейін ратификациялаған жоқ.
ЯСЖТШ-тің күшіне енуінің маңызын асыра бағалауға болмайды. 1945 жылдан бері әлем 2000-нан астам ядролық сынақтарды бастан кешірді. Сол сынақтар қоршаған ортаны улады, сондай-ақ саяси ортаға да кері әсерін тигізді. Ол сенім­сіз­дікке, оқшаулануға алып келді және үрей туғызды.

«Мен тағы бір мәрте ЯСЖТШ-ға әлі де қол қой­маған және ратификацияламаған барлық елдердің көшбасшыларын оны кешіктірмей орындауға ша­қы­рамын. Мен оларды қайта қалпына келтіру мүм­кін емес, барынша ластанған ядролық сынақ аймақ­тарына барып, әлі күнге дейін соның зардабын тартып жүргендермен әңгімелесіп қайтуға шақырамын. Ядролық сынақтардың адам және қоршаған ортаға тигізген зардаптары бұл көшбас­шыларды қажетті қадамдар қабылдауға итермелеуі тиіс.

Ядролық сынақтардың жаңғырығы 50 жылдан астам уақыт бойы радиацияның таралу зардаптарымен адамдар амалсыз күресіп келе жатқан Қазақ­стан­да өте жақсы естіледі. Бұл елге қандай құрмет те лайық, Қазақстан ядролық сынақтарды өткізуге соң­ғы нүкте қоюды жүзеге асыруға ықпал ететін Ядролық сынақтарға қарсы халық­ара­лық іс-қимыл күнін белгілеуді ұсынды - және бұл ұсыныс 2009 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында бірауыздан қабылданды. Күннің осылай аталуы аз уақыт ішінде ядролық қарудан азат әлем құру мақсатын ілгерілетуге бағытталған сындарлы бастама болды»,-дейді Пан  Ги Мун.